Бұрнағы күні таңғы алакеуімде ( сағат таңғы 4.25-те) облыс орталығының Воровский көшесіндегі жекеменшік үйде өрт шықты.
Оқиға орнынан дабыл түскен сәттен бастап үш минутта жеткен өртсөндірушілер үйдің отқа оранғанының куәсі болған. Өртсөндірушілер оқиға орнынан үй иесінің зайыбын (1982 жылы туған, екінші топтағы мүгедек) алып шықты. Жедел жәрдем қызметкерлері әйелдің қайтыс болғанын растады, оның себептері анықталуда.
Өрт 5 сағат 35 минутта толық сөндірілді. Өрттің салдарынан 50 шаршы метрдегі ас үй, жатын бөлме мен кіреберіске зақым келген, шатыры бүлінген. Өртті сөндіруге жеке құрамның 23 қызметкері мен 5 бірлік техника жұмылдырылған. Бұл үйдің тұрғындарына үстіміздегі жылдың қараша айында азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлері өрт қауіпсіздігінің ережелерін түсіндіріп, алдын алу жұмыстарымен қамтылған екен.