Өңірімізде 24 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрып жатыр. Оның 13 мыңнан астамы еңбек етуге қабілетті болса, 2 мың 376-сы – балалар.
— Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету – оларды оңалтудың табысты бағыттарының бірі. Яғни, мемлекет тарапынан халықты әлеуметтік қолдауға арналған бағдарламалар мүмкіндігі шектеулі жандарға да тиесілі. Бұл ретте өңірімізде жүйелі жұмыстар атқарылуда, — дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ринат Елжасов, -Осы жылдың 1 қазанындағы деректерге сүйенсек, 496 мүгедектігі бар адам жұмыспен қамтылған. Олардың үш жүзден астамы жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстарға, «Күміс жас» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары аясында екі қолға бір күрек тапқан. «Бастау бизнес» бойынша мүмкіндігі шектеулі 85 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, бизнес идеяларын дамыту үшін 49 адамға грант берілген. Мәселен, 2-топтағы мүгедектігі бар Петропавл қаласының тұрғыны Ләззат Әшімова сала қызметкерлерінің қолдауымен өткен жылы мемлекеттен 1 млн 380 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Ол етке, үй кеспесі, тұшпара мен мәнтіге арналған қамыр дайындайтын «Енешкіден дайын қамыр» жобасын іске асырған болса, Виктория Шелегеда мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын азаматша ретінде биыл 1 млн. 476 мың грант ұтып, ұлттық киім тігу цехын ашты.
Ринат Елжасовтың айтуынша, 3 жыл бойы мүгедектігі бар адамның жалақысының бірінші жылы – жалақы мөлшерінің 70 пайызы, екінші жылы – 65 пайызы, үшінші жылы – 60 пайызы субсидияланады. Біздің облыста осындай екі жұмыс орны құрылды. Былтыр Қызылжар ауданында 2-топ мүгедектігі бар тірек қимыл жүйесі бұзылған Гүлзиан Тілеулина «Е. Нубаев» жеке кәсіпкерлігіне хатшы-референт лауазымына жұмысқа орналастырылды. Оған жағдай жасау мақсатында жұмыс беруші пандус сатып алып, арнайы тұтқалар орнатты, санитарлық бөлмені жабдықтап, есік ойықтарын кеңейтті. Екінші мысал, биылғы жылы Ақжар ауданында 1-топ мүгедектігі бар, тірек қимыл жүйесі бұзылған Самат Әубәкіров «Дәут-Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қаржыгер лауазымына жұмысқа орналастырылып, осы азаматтың жұмысын жеңілдету мақсатында арнайы үстел мен ноутбук сатып алынды.
Аймақта мүмкіндігі шектеулі жандарды мұңайтпас үшін, оларға қолдан келгенше қолдау көрсетілуде. Қазіргі таңда облыстың әлеуметтік қорғау жүйесінде арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету үшін 9 әлеуметтік мекеме психоневрологиялық аурулары бар адамдар, қарттар мен мүгедектігі барлар, тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедектігі бар балалар үшін қызмет етеді. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығы жұмыс істейді. Биылғы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша стационарда 1,5 мыңнан астам адамға қызмет көрсетілсе, оның 1344-і – мүгедектігі бар ересектер, 48-і – мүмкіндігі шектеулі балалар және 195-і – қарттар.
Жыл басынан бері мүгедектігі бар адамдар 6 721 оңалту құралына, 241 – ымдау тілі қызметіне, 267 – жеке көмекшіге және 635 – санаторлық-курорттық емдеу қызметіне қол жеткізген. Мүгедектігі бар балалар мен олардың ата-аналарын қолдау мәселелері мемлекет назарынан ешқашан тыс қалмаған. Биыл 65 мүгедектігі бар (оның ішінде 11-інде ақыл-ой кемістігі бар) бала санаторлық-курорттық емделуге жіберілген.
Сонымен қатар, АИТВ-инфекциясы бар балаларға өмірлік қиын жағдай туындаған кезде екі еселенген ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде әлеуметтік көмек төлеу қарастырылған. Осы көмек түрімен 9,3 млн. теңге сомасына 11 бала қамтылыпты.
2021 жылдан бастап, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «TEN QOGAM» мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау орталығы жұмыс істейді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде орталықтың қызметін «АРДОС-Жүрек» мүгедектер бірлестігі» заңды тұлғалар бірлестігі жүзеге асырады. Орталықта психологиялық және құқықтық көмек, әлеуметтік мәселелер бойынша консультациялар және жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіледі. Осы орайда 20 адам түрлі кәсіптік оқыту курстарынан өтсе, 365 адам түрлі мәселелер бойынша кеңес алған, 7 азаматқа жұмысқа орналасуға көмек көрсетілген.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,