Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында облысымыздың биылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы шығарылды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда құрылыс жұмыстары – 27,3, тұрғын үй құрылысы 22,9, ауыл шаруашылығы тауарын өндіру 30,2, инвестиция көлемі 9,4 пайызға артқан. Жалпы экономиялық өсім 16,5 пайызды құрап отыр.
Облыстық экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов өз баяндамасында әр салаға жеке-жеке тоқталды. Мәселен биыл ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнімі шамамен 800 млрд. теңгені құраған. Былтырғы көрсеткіш – 775.3 млрд теңге.
-Өсімдік шаруашылығы саласында да оң өсім бар. Биыл 630 млрд. теңгенің өнімі алынды. Мал шаруашылығы саласындағы көрсеткіштер де көңіл қуантады. Соның ішінде сүт өндірісінің — 5,6, жұмыртқа өндірісінің 4,9 пайызға артқаны байқалады. Жыл басынан бері 548,5 млрд. теңгеге өнеркәсіптік өнім шығарылды. Қаңтар-қазан аралығында облысқа 370,6 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бұл былтырғыдан 9 пайызға көп. Жоспар 66 пайызға орындалды», — деді Қуанышбек Қалижанов.
Құрылыс саласында орындалған жұмыс көлемі 27,3 пайызға ұлғайып, 147 383,9 млн. теңгеге жеткен.
2024 жылдың қаңтар-қазанында жалпы ауданы 187 031 шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілген.
-Қараша айының соңында 77 мың шаршы метрді, желтоқсан айында 64 шаршы метр баспананы пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, — деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қайролла Ғалеев.
Жиын барысында өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов төмен нәтиже көрсеткен сала мамандарына жұмысты күшейтуді тапсырды.
-Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша Петропавл қаласы және Тайынша ауданының нәтижесі көңіл көншітпейді. Бұл облыстың жалпы көрсеткішіне әсер етеді», — деді облыс әкімі.
Жиында қала әкімі Серік Мұхамедиев бұл олқылықтың басты себептерін түсіндіріп берді. Оның айтуынша, мәселенің бір себебі қосалқы бөлшектердің кешігіп жетуіне тікелей қатысты.
Отырыс қорытындысы бойынша өңір басшысы тиісті басқармаларға, аудан және Петропавл қаласының әкімдеріне әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз етуді және бюджет қаражатын толық игеруді тапсырды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ