Елімізде тағы бір IT хаб есігін ашады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлім етті.
-Өңірлік хабтардың дамуы біздің инновациялық экожүйеміздің негізгі элементіне айналды. Бүгінде ел аумағында 17 өңірлік IT хаб жұмыс істеп тұр. Олар жергілікті стартаптар мен кәсіпкерлікті дамытуға белсенді ықпал етеді. Стартаптар мен IT индустриясын дамыту жөніндегі барлық бағдарлама аймақтық IT хабтарға қолжетімді. Жыл соңына дейін Петропавл қаласында тағы бір хабты іске қосу жоспарланып отыр. Осылайша, өңірлік хабтар отандық IT индустрияны дамытудың маңызды драйверіне айналуда, — деді Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында. Министрдің сөзінше, өңірлердегі IT хабтар таланттарды ашуға және инновациялық экожүйені құруға ықпал етеді.
Айта кетейік, Үкімет басшысы Олжас Бектенов IT хабтар мен венчурлік қорлар экономиканың басты драйверіне айналуы керектігін айтты. Сондай-ақ қазақстандықтардың жеке деректерін жинайтын компаниялардан қауіпсіздік мақсатында киберсақтандыру талап етілетіні белгілі болды.