Өңірде соңғы үш жылда адамның иммун тапшылығы вирусының анадан балаға берілу жағдайлары тіркелген жоқ. Осы уақыт ішінде АИТВ жұқтырған әйелдер 30-дан астам баланы дүниеге әкелді.
ЖИТС профилактикасы және оған қарсы күрес жөніндегі орталық мамандарының мәліметінше, жыл сайын 1 желтоқсанда бүкіл әлемде жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы — ЖИТС-ке қарсы күрес күні атап өтіледі. Осыған орай елімізде 20 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес науқаны өтеді. Биыл ол «Дұрыс жолды таңдаңыз» тақырыбына арналған. Ондағы мақсат — АИТВ-ның алдын алу, тұрғындарды тестілеуден өтуге шақыру, емделудің маңыздылығын және адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтыру қаупі бар немесе АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты кемсітушілікке жол бермеуді еске салу.
Өңірде АИТВ-мен өмір сүретін 1428 адам есепте тұр. 2024 жылдың 10 айында 100 жаңа жағдай анықталды, бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңінен 16 жағдайға аз. Біздің өңіріміз АИТВ-ның таралуы бойынша ел рейтингінде жетінші орында тұр.
Мамандардың айтуынша, АИТВ өңірде екі: 34,7 пайызы — инъекциялық психоактивті заттарды бірлесіп қолдану арқылы парентеральді жолмен және 61,2 пайызы — жыныстық жолмен беріледі. Облыстың медициналық ұйымдарында АИТВ-инфекциясын жұқтырудың жағдайлары тіркелген жоқ. Жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсету, тұрақты тексерулер және антиретровирустық терапияны қабылдау — АИТВ-инфекциясының анадан балаға берілуін болдырмауға мүмкіндік берді.
2009 жылдан бастап Қазақстанда антиретровирустық терапия енгізіліп, ол медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында мемлекеттік қаражат есебінен тегін жүргізіледі.
-АИТВ жұқтырғандарға антиретровирустық терапияны қабылдаудың маңыздылығы туралы пациенттер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Нәтижесінде емделуге деген ұмтылыс жыл сайын артып отыр. Бұған жанама әсері бар антиретровирустық препараттардың жаңа түрлерінің пайда болуы да әсер етуде. Бүгінде облыста АИТВ-мен есепте тұрғандардың 89 пайызы антиретровирустық препарат қабылдайды. Пациенттерде өз еріктерімен емделуге деген ынта бар. Біз осы бағытта жұмысты жалғастырып жатырмыз, — дейді орталық директоры Ринат Үлмесеков.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ