ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС – ОҢ НӘТИЖЕ

Авторы: Qyzyljar News

             Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен  брифингте   Мамлют ауданының әкімі Елена Степаненконың есебі тыңдалды. Баяндамашы 10 айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық  көрсеткіштердің оң қарқыны сақталғанын атап өтіп, өз ойын нақты  цифрлармен толықтырып отырды.     

Тұрақты дамудың негізгі бағыты саналатын  инвестиция тарту және халықтың табысын ұлғайтуға басымдық берілген. Жыл басынан бері түрлі салаларға 12,8 млрд.теңге мөлшерінде қаржы  құйылып,  өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 114,1 пайызды құраған.  Ауыл шаруашылығында өндірілген өнімдердің көлемі 37,9 млрд.теңгеге жеткен.  Ауа райының күрделі болғанына  қарамастан  дәнді  дақылдардың  әр гектарының  орташа  шығымдылығы 20 центнерден асып жығылған.  Диқандар қауымының  мол тәжірибесі мен ұйымшылдығы арқасында 263 мың тонна дәнді және 48 мың тонна майлы дақылдар шашпай-төкпей жинап алынған. Машина-трактор паркі 126 бірлікке жаңартылған.

«Қызыләскер» ЖШС базасында  400 бас симменталь тұқымды сиырға арналған тауарлы- сүт  фермасының құрылысы жүргізілуде. Оның жобалық құны – 2,2 млрд. теңге, жылына   2 мың  тоннаға дейін сүт сауылады.  «Белое-Агро» ЖШС абердин-ангус тұқымды етті мал өсіре отырып, қайта өңдеу цехын ашуды жоспарлап отыр. «Ахитовка» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі сүт өнімдерін өңдейтін шағын зауыт  салмақ. «Ухов» жеке кәсіакерлігі  балықты қайта өңдеу цехына 100 млн. теңге бағыттамақ.

Ауданда шағын қосалқы шаруашылықтарды дамытудың  мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылған. 37  жәрмеңке ұйымдастырылып,  қолжетімді бағамен 239 тонна мал  азығы сатылған. Соңғы үш жылда ауыл шаруашылығы құрылымдарына жалпы ауданы  8,3 мың гектар жайылымдық жерлер қайтарылған. 896 шағын және орта бизнес субъектілері тауарлардың сапасын жақсартумен қатар көрсетілетін қызметтердің түрін көбейте түскен.  Бөлшек тауар айналымының көлемі 5,1 млрд.теңгеге жуықтаған. Кепілдік беру жобалары бойынша 7 кәсіпкер 61,7 млн. теңге  субсидия рәсімдеген.

Аудан айдын суларымен, әсем табиғатымен танымал. Әсіресе, Новомихайловка ауылдық округінде орналасқан Меңгесер  емдік көлі – жергілікті тұрғындар мен қонақтардың сүйікті орны. Жазғы  маусымда  Қазақстанның әр өңірлерінен және ТМД елдерінен 10 мыңнан астам адам келген. Мұнда абаттандыру және қажетті инфрақұрылыммен  қамтамасыз ету шаралары жүргізілген.

Жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарына ерекше екпін түсірілген. «Сенжарка-Троицкое- Николаевка» — Ленино» бағыттарындағы аудандық маңызы бар  жолды орташа жөндеу аяқталып, бұл мақсат үшін  482,9 млн.теңге бағытталған. Андреевка, Бексейіт, Меңгесер, Бостандық, Новомихайловка ауылдарындағы кентішілік жолдар қалпына келтірілуде. 1,5 млрд. теңгеге бес  автомобиль жолының техникалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Елді мекендерді сумен қамтамасыз ету міндеті  Пресновка топтық су құбырына жүктелген. Тұрғындардың 86 пайызы  таза тіршілік көзін тұтынады. Афонькино, Воскресеновка, Михайловка, Краснознаменное, Бексейіт, Мамлютка ауылдарында  сумен жабдықтау нысандарының құрылысы басталған

Аудандағы жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайызға тең немесе 155  адам – жұмыссыздар санатында. 991 адам жұмысқа орналастырылған, оның ішінде жастар практикасына – 22, қоғамдық жұмыстарға 167 адам жіберілген.  357 жаңа  жұмыс орындары құрылған.  Квотамен көшіп келген 52 отбасыға әлеуметтік міндеттемелер толық өтелген.

Өмір ЕСҚАЛИ

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz