СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ АЗАМАТ

Авторы: Qyzyljar News

              «Qyzyljar» креативті орталығында есімі өңір жұртшылығына жақсы таныс  журналист, публицист, әнші-сазгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шашубай Малдыбаевтың 75 жасқа толуына арналған   «Армысың, аңыз қалам – Қызылжарым» атты салтанатты шара өтті.

Жиналғандарға ең алдымен мерейтой иесінің өмірі мен шығармашылығы жайлы бейнефильм көрсетілді.  Мерейтой иесін Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев құттықтап, Шашубай Малдыбаевқа Мемлекет басшысы Қасм-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын табыс етіп, кеудесіне «Алтын Барыс» төсбелгісін тақты.

  – Қызыл сөзі көне түркі тілінде алтын деген мағынаны білдіреді.  Қызылжар – ұлттық руханиятымызды дәріптеп, сал-серілердің ізін жалғастырған, ата-бабаның шығармашылығын өлтірмей, ілгері дамытып келе жатқан небір алтын   азаматтарға тұғыр болған киелі өңір. Шашубай Малдыбаев ағамызды алтынның сынығы десек артық айтқандығымыз болмас.   Саналы ғұмырын ұлт руханиятының дамуына арнаған азаматтың әдебиет пен мәдениетімізді ілгерілету жолындағы еңбеі ерен.  Шашубай Малдыбаев – қазақтың ғасырлар бойы жинақталған құндылықтарын бүгінгі күнге жеткізген ұлттық руханияттың шырақшысы, – деп Мәлік Отарбаев.

Содан кейін облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов сөз алып, Шашубай Малдыбаевтың ұлттық құндылықтарды түгендеу жолындағы еңбектерін тілге тиек етті.   Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің құттықтау хатын табыстап,  қуаныш иесінің арқасына шапан жапты. Көкшетау қаласынан келген жазушы-журналист, қоғам қайраткері, «Арқа ажары» Ақмола облыстық газетінің  директоры  Жабал Ерғалиев Шашубай Ғалымұлының журналистік қызметі жайлы әсерлі сөз сабақтады.

Мерейтой иесінің сыныптасы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов  ардақты азаматтың балалық, жігіттік шағындағы естеліктерге терең бойлап,  жүрекжарды лебізін білдірді.

Шашубай Малдыбаев еңбек жолын 1971 жылы қаламгерлердің бірнеше буынын тәрбиелеген қарашаңырақ – облыстық “Soltústik Qazaqstan” (бұрынғы “Ленин туы”) газетінде бастаған. Шығармашылық кеште “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас редакторы Нұргүл Оқашева сөз алып, мерейтой иесін қуанышымен құттықтап, ұжымның атынан сый-сияпат тарту етті.

 – Менің қырық жыл ғұмырым сүйікті қалам —  Қызылжарда өтті.  №2 қазақ мектеп-интернатында, қарашаңырақ – «Soltüstık Qazaqstan» газетінің редакциясында өткен әрбір күнім жүректі тербететін сағынышқа айналды десем, еш қателеспеймін. Ақ қайыңдар өлкесінде туғанымды елеп-ескеріп, құрмет көрсеткендеріңізге рахмет айтамын. Бүгінде Алматы облысындағы Қаскелең қаласында тұрып жатырмын. Туған жерге деген тәтті сағынышым, махаббатым әнге айналып, көңілдерге қонақтауда, – деген Шашубай Малдыбаев жерлестерінің ыстық ықыласына ризашылығын білдіріп, «Сенің маған қарағаның секілді», «Ардагерлер» әндерін айтып, кештің шырайын кіргізе түсті.

Кеш барысында мерейтой иесінің «Қызылжарым», «Ән-жырым – Жамбылым» әндерінің тұсауы кесіліп, тыңдармандардың көңілінен шықты. «Құрмет» орденінің иегері Дәмеш Құрманкина, Мәдениет саласының үздігі Біржан Есжан, белгілі әншілер Балтабай Рамазанов, Жеңіс Қабдолбәриев, Алтынгүл Сыздықова, Нариман Жолдасбековтардың орындауындағы әндердің «құлақтан кіріп, бойды алғанын» жиналған өнерсүйер қауымның көрсеткен қошеметінен байқадық.

 

Самрат ҚҰСКЕНОВ

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz