Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары маңызды әлеуметтік нысандарды аралаумен жалғасты. Кездесулерде Президент тапсырмаларының іске асырылуы, Үкіметте қабылданған шешімдер мен өзекті мәселелер талқыланды.
Мектеп пен балабақшадағы кездесумен қатар вице-премьер жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде дуалды оқыту жүйесімен танысты. Колледжде сантехникалық, дәнекерлеу, ағаш өңдеу, тас өңдеу және аспаз мамандықтары бойынша кадрлар даярланады. Вице-премьер колледждің заманауи құралдармен жабдықталған шеберханаларында оқыту барысымен танысып, студенттермен әңгімелесті.
Колледжде техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесу ұйымдастырылды. Онда жұмысшы мамандарды оқыту жүйесін реформалауға қатысты мәселелер талқыланды. Тамара Дүйсенова колледждер өңір үшін кадр даярлаудың негізгі базасы болуға тиіс екенін жеткізді.
Қазіргі таңда облыста 24 колледж бар, оларда 11 мыңнан астам студент білім алуда. 13 колледж жұмысшы мамандықтары бойынша жастарды оқытады, колледждер мен кәсіпорындар арасында 1726 келісімшарт жасалған. Түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 97 пайызды құрайды.
-Білім беру жүйесі өзара байланысты, бірізді және тұлғаны дамытуға арналған көпдеңгейлі жүйе болуы тиіс. Бұл процесс барысында педагогтардың атқарар рөлі зор. Мен олардың еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеу үшін бар күшжігерін жұмсайтынына сенемін, – деді вице-премьер.
Сонымен қатар Тамара Дүйсенова өңірдегі “Ауыл аманаты” жобасының іске асырылу барысымен танысты. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру ауылдық округтердің әкімдеріне қойылатын басты міндет болуы керек. “Ауыл аманаты” жобасы осы мақсатты жүзеге асыру үшін нақты мүмкіндіктер ұсынады.
Өңірде бағдарлама аясында 236 жеңілдетілген несие беріліп, 250 жұмыс орны ашылған. Жүзеге асырылып жатқан жобалар әртүрлілігімен ерекшеленеді. Мысалы Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылының тұрғыны Сара Сатыбалдина шағын құс фермасын ашып, күніне 600 данаға дейін жұмыртқа сатуды бастады. Ол ветеринария саласындағы тәжірибесіне сүйеніп, ферманың жұмысын тиімді ұйымдастырып отыр.
Ал Явленка ауылының тұрғыны Жомарт Шамшуменов асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытып, шағын тауарлы ферма құрды. 2,5 пайызбен алынған жеңілдетілген несиеге ол 8 бас ірі қара, 24 қой және мал азығын сатып алған. Болашақта сүт өндірісін қолға алып, жерлестеріне тауарлық несие беруді жоспарлап отыр.
-Ауыл аманаты” бағдарламасы мен үшін өте тиімді. Төмен пайыздық мөлшерлеме және қарызды өтеудің жеңіл шарттары қарастырылған. Мен қарызды келер жылдан бастап өтемекпін, – деді Жомарт Шамшуменов.
Есіл ауданындағы Явленка ауылында кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілік үлгісін көрсетуде. Жергілікті наубайхана мен ірі серіктестік арасындағы меморандум арқасында ауыл тұрғындары нанды арзан бағамен сатып алады. “Егін” серіктестігі жергілікті наубайхананы арзандатылған ұнмен қамтамасыз етуде, бұл нан бағасының төмендеуіне әсер еткен. Наубайхана күніне 3 мың бөлке нан пісіреді.
-Біз ұн мен нанды арзан бағамен сатсақ та пайда табамыз. Бір мүддені көздеген кәсіпкерлердің ортақ мақсатқа бірігуі маңызды. Осы ауылда тұрғандықтан жерлестерімізге көмек көрсетуді міндетіміз санаймыз, – деді “Егін” серіктестігінің бас директоры Евгений Чубыкин.
Өңірдің барлық деңгейдегі әкімдерімен өткен кеңес барысында ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ербол Тасжүреков “Ауыл аманаты” бағдарламасының іске асу барысы туралы баяндады.
Түркістан және Қызылорда облыстарынан келген кәсіпкерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, ауыл әкімдерінің сұрақтарына жауап берді, қажетті кеңес беруге дайын екендіктерін білдірді. Тамара Дүйсенова кәсібін жаңа бастаған адамдар үшін өнімді сату жолдарын ұйымдастырудың маңызына ерекше көңіл бөлді. Сонымен қатар ауылдағы тұрмыс сапасын жақсартуда ауыл әкімдерінің жауапкершілігі зор екеніне тоқталып, халық арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізудің қажеттігін атап өтті.
-Ауыл әкімдеріне мемлекеттік қолдау шаралары, соның ішінде жеңілдетілген несие, субсидияланатын жұмыс орындары, жастар мен әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға арналған қайтарымсыз гранттар туралы ақпаратты жақсы білу өте маңызды. Бұл бағдарламаларды дұрыс пайдалану ауыл тұрғындарының өмірін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді, – деді вице-премьер.
Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік жобалардың іске асырылуын тексеру Тамара Дүйсенованың жұмыс сапары барысындағы негізгі міндеттерінің бірі болды. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен бірге Үкімет басшысының орынбасары “Экология медицина” серіктестігінің әлеуметтік дәріханасында таңбаланған дәрі-дәрмектерді беру процесін тексерді. Желі 10 нысаннан тұрады және бүгінге дейін мұнда 100 түрлі таңбаланған дәрілік заттар жеткізілген. Компания директоры Евгения Лямкинаның сөзінше, таңбаланған дәрілерді сканерлеу арқылы әр тұтынушы өнім туралы толық ақпарат ала алады.
Қазіргі уақытта облысқа 357 мың қорап таңбаланған дәрі-дәрмек жеткізілген. Барлық 25 медициналық ұйым 2D-сканерлерімен және деректер жинау терминалдарымен жабдықталған, сондай-ақ тауарларды таңбалау және қадағалау жүйелеріне интеграцияланған.
Көпсалалы облыстық аурухана базасында медициналық мекеме басшыларымен өткен кеңесте Тамара Дүйсенова өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің дамуын талқылады. Салада оң өзгерістер байқалуда. Облыс орталығында 2 емхана ашылса, жыл соңында Кішкенекөл ауылында медициналық нысанның құрылысы аяқталады. Медициналық жабдықтарды жаңартуға 5 млрд. теңге бөлінді, ауруханаларда УДЗ, цифрлық рентген аппараты, ӨЖЖ аппараттары және маммографтар орнатылды. Ал шалғай ауыл тұрғындары үшін телемедицина бойынша қанатқақты жоба жүзеге асуда.
Тамара Дүйсенова медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, әсіресе ауруларды ерте кезеңдерде анықтауға мән беру қажеттігін атап өтті. Жиында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі де қозғалды. Вице-премьер сақтандырылған азаматтар барлық қажетті медициналық қызметтерге қол жеткізе алатындығын жеткізді.
Президент тапсырмасы бойынша “Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту” жобасы жүзеге асырылуда. Өңірдің 46 ауылында 5 жаңа дәрігерлік амбулатория, 19 фельдшерлік-акушерлік және 23 медициналық пункт салынуда. Олардың кейбірі қолданысқа берілген. Мысалы Пресновка ауылының тұрғындары үшін жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің қолданысқа берілуі қуанышты жаңалық болды. Аталған елді мекенде 700-ге жуық адам тұрады. Ауыл тұрғындары бұрын медициналық көмек алу үшін облыс орталығына баруға мәжбүр болатын. Енді жаңа ФАП арқылы барлық алғашқы медициналық көмек түрі жергілікті жерде көрсетіледі. Тамара Дүйсенова медициналық нысанның жабдықталуымен танысып, қызметкерлермен әңгімелесті. Сонымен қатар ауыл тұрғындарымен кездесіп, скринингтік шараларды жақсарту және ФАП-ты қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша тапсырма берді.
Президент ауылдардағы білім беру мекемелерінің қала мектептерінен еш кем болмауы керек екенін атап өтті. Осы мақсатта “Тірек мектептер” жобасы жүзеге асырылуда. Оның бірі Есіл ауданындағы Явленка ауылында орналасқан. Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры және “Қазақстан халқына” қорының қолдауымен мектепке заманауи оқу жабдықтары сатып алынды. 16 интерактивті панель, STEM кабинеті, робототехника жабдықтары және еңбек сабағына қажетті құралдар жеткізілді. Онлайн-сабақтарды жазу үшін телестудия ұйымдастырылды. Мектеп мұғалімдері Назарбаев зияткерлік мектептерінде әдістемелік көмек, қолдау және білім беру бағытында оқытылды. Мектепке 4 магнитті шағын жинақты мектеп бекітілген, олардың оқушылары ақпараттық технологиялар мен жаңа жабдықтарды енгізудің арқасында сапалы білім беру ресурстарына кеңінен қол жеткізе алады. Тамара Дүйсенова негізгі оқу пәндерінен басқа робототехника және технологиялармен белсенді айналысатын оқушылармен әңгімелесті. Олардың кейбір жобаларымен танысып шыққан вице-премьер оқушыларға белсенділігі үшін алғыс айтып, болашақ бастамаларына сәттілік тіледі.
-Оқушылар үшін жайлы жағдай жасау – біздің басты мақсатымыз. Заманауи жабдықталған оқу кабинеттері, әдістемелік көмек – бұл мұғалімдерге де, оқушыларға да қосымша қолдау, – деп сөзін қорытындылады Тамара Дүйсенова.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы