ЖАНДАНҒАН ЭКОНОМИКА, ТҮЗЕЛГЕН ТҰРМЫС

Авторы: Qyzyljar News

           Облыстық мәслихаттың 19-шы сессиясы өтіп, онда өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің есебі тыңдалды. Облыс әкімі өз сөзін көктемгі су тасқынының салдарын жою бойынша атқарылған жұмыстардан бастады. Табиғи апат кезінде өңірде 4 мыңға жуық үй су астында қалған. Мемлекет басшысы облысымызға сапары барысында табиғи апаттармен күреске атсалысқан барша азаматтарға алғысын білдірген еді.

– Бәріңіз білетіндей қаланы сумен қамтып тұрған су станса­сына зақым келді. Біз тез арада Пестрое көліне қалқымалы су сорғысын орнаттық. Бір түн ішін­­де құбыр тартып, аз уақытта об­лыс орталығына су беріле бас­та­ды. Бүгінде Үкіметтің қолдауы­мен сорғы стансасын қалпына кел­ті­ру жұмыстары жүргізілуде. Онда жаңа қондырғылар қойы­лып, жер асты кабелі тартылады. Жал­пы қала мен Қызылжар ауданын­да 8 бөгет нығайтылып, биікте­тіл­ді. 1,5 млн. тонна инерт­ті материалдың көмегімен бөгеттердің биіктігі 7 метрге жет­ті. Өңірдегі тасқыннан қор­ғайтын бөгеттер мен үйінділердің ұзын­дығы 130 километр, – деді өңір басшысы.

Биыл орын алған қиындық­тарға қарамастан ауыл шаруа­шылығы, өнеркәсіп, құрылыс, тұрғын үйлерді пайдалануға беру, инвестиция тарту сияқты негізгі салаларда өсім бар.

Шаруалар еңбегінің жемісі

Өңір диқандары соңғы 10 жыл­да болмаған көрсеткішке қол жеткізді. Астықты өңірлер көр­сет­кіші бойынша Қызылжар екін­ші орында тұр. Шаруаларға дала жұмыстарына 55, астық кептіру­ге 20 мың тонна жеңілдетілген дизельді отын бөлінген. Диқан­дар 2 мың жаңа техника сатып ал­ған. Тауарлы-сүт фер­мала­рын салуға бюджеттен 17 млрд. теңге бөлінген. Бүгінде 19 ферманың 11-і іске қосылды. Бұл 70 мың тонна сүт өндіріп, 500 жа­ңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Сырттан келетін құс етін азайту үшін 2 жаңа құс фаб­ри­касы іске қосылған. Об­лыс орта­лығында салынып жат­қан тағы бір фабрика қажеттілік­ті толығы­мен өтейтін болады.

Өңір басшысы өз баяндама­сында “Зенченко және К” коман­диттік серіктестігі жылдық қуат­ты­лығы 13 мың тонна бола­тын майлы дақылдарды өңдеу це­хын салып жатқанын айтты. Бүгінде жұмыс істеп тұрған сүт за­уы­тының ауқымы бір жарым есе­ге кеңейтілмек. Сонымен қа­тар салынып жатқан 8 мың ірі қа­раға арналған ферма Орта Азия­дағы ең үлкен кешен болмақ. “Ев­разиан милк” серіктестігі қоюла­тылған сүт, “Мемолюкс” серік­тестігі құрамажем шығаратын өндіріс орындарын ашуға ниетті.

Өңір өнеркәсібінің 80 пайызы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Са­ла­да құны 755 млрд. теңге бола­тын 46 жоба жүзеге асып жатыр. Облыс әкімінің сөзінше, аталған жобалар сәтті іске қосылса 7 мың адам тұрақты жұмыспен қам­тылмақ. Түрік инвесторы облыс орталығында ағашты терең өң­дейтін кәсіпорын ашқан. Бұл сырт­­тан келетін өнім үлесін 13 пайызға азайтуға мүмкіндік бе­ре­ді. Бұдан бөлек, арнайы эко­но­микалық аймақта өзге де кәсіп­орындар ашу арқылы, ағаш өң­деу кластерін құру жоспарда бар. Өз сөзінде Ғауез Торсанұлы биыл ашылған 4 буынды ірі жы­лыжай кешенін де атап өтті. Өңір­­де майлы дақылдарды өң­деу, кондитерлік өнімдер шыға­ру, саңырауқұлақ өсіру бойынша жүзеге асып жатқан жобалар да бар.

– Халықты баспанамен қамту – жұмыстың басым бағыттары­ның бірі. Бүгінде облыс орталығында 32 көппәтерлі үйдің құрылысы жүріп жатыр. “Ко­пай” шағынау­данын­дағы жаң­ғырту жұмыста­ры қарқынды. Мұнда заманауи жаңа аудан пайда болады. 605 пәтерлік 7 үйдің құрылысы бас­талды. Жалпы “Копайда” жаңа 27 көппәтерлі үй салынып, онда 3800 отбасы тұратын болады. Тұрғындарға қажетті әлеуметтік нысандар да салынады. Соны­мен қатар облыс орталығында әлеуметтік осал топтағы отба­сыларға пәтер алу үшін 5,8 млрд. теңге қарастырылған, – деді об­лыс әкімі.

Балалар игілігіне – жаңа білім ошақтары

Облыс бюджетінің үштен бірі білім беру саласының үлесінде. “Береке” шағынауданында жаңа мектеп-интернат қолданысқа берілді. Ал “Орман” шағынауда­нын­да 600 орындық “жайлы мектеп” ашылды. “Бірлік” шағынауда­нында жаңа балабақша бал­ғын­дарды қабылдай бастады. Басқа да шағынаудандардағы құ­рылыс аяқталған соң жалпы саны 600 бүлдіршін мектепке дейінгі біліммен қамтылмақ. Көп жылдан бері жастарды әуреге салып келе жатқан жатақхана тап­шылығы мәселесі де біржақ­ты етілді. М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дың 1200 орындық жаңа жатақханасы өңірдегі ең үлкен жа­тақханаға айналып отыр. Бұдан бөлек, 126 орындық тағы бір жа­тақхана пайдалануға берілген.

Ауылдық денсаулық сақтау жобасы аясында өңірде 46 ны­сан салу жоспарда болса, был­тыр соның сегізі аяқталған. Биыл отыз сегіз мекеменің құры­лысы аяқталуға жақын. Қалада балаларға арналған 16 оңалту орталығы ашылды. Франциямен серіктестік аясында 16 телеме­дициналық кешен орнатылды. Бұл ауылдағы ағайынға сапалы көмек беруге жол ашады.

Жөнделген жол – 700 шақырым

Мемлекет басшысының 2025 жылдың соңына қарай халықтың сапалы ауызсуға қолжетімділігін толық қамтамасыз ету туралы жүктеген міндеті бар. 2022 жыл­мен салыстырғанда биыл сумен жабдықтау нысандарын салуға, жаңғырту мен жөндеуге 2 есе көп қаражат қарастырылған. Жыл соңына дейін халық саны 10 мыңнан асатын 66 ауылдық елді мекенде кешенді блок-модульдер орнату жоспарланған.

Теріскей тұрғындары үшін жылыту маусымына дайындық – басты назардағы мәселелердің бірі. Биыл екінші жыл қатарынан қаланы жылумен қамтуда тек екі мұржа пайдаланылып келеді. Екінші жылу-электр орталығында 11 қазандық пен 7 турбоагре­гат жұмыс істеп тұр. Келер жылы жаңа 180 метрлік мұржа қолда­нысқа беріледі. Жаңғырту жұ­мыс­тары аясында 1,5 мың кило­метр электр желілері, 9 кило­метр жылу желісі, 8 километр сумен-жабдықтау желілері ауыстырыл­ған. Ауылдардағы жылу желіле­рі­нің тозуын азайту үшін 15 жоба әзірленген.

– Жыл сайын кемі 700 километр жол жөнделеді. Биыл мың километрден астам жол қалыпқа келтірілді. Оның 208-і республи­калық, 630-ы жергілікті, 163 кило­метрі ауылішілік жолдар. Біз алдағы 4 жылда қала көше­лерін толық асфальттауды жоспарлап отырмыз. Биыл жөнделген 57 көшенің 39-ына бірінші рет асфальт төселді, – деді облыс әкімі.

Бүгінде қызылжарлықтардың 42 пайызы спортпен ай­налысады. Келер жылы бұл көрсеткішті 50 пайызға жеткізу үшін спорт ны­сандарының құры­лысы жүргізіліп жатыр.

Мәдениет саласында да ай­тарлықтай өзгерістер бар. Биыл 16 мәдени нысан күрделі жөндеу­­­ден өткен. Облыс орталы­ғында “Ботай” галереясы, Креативті ин­дустрия орталығы ашыл­ған.

Өңірдегі туризмді дамыту да басты назардағы мәселелердің бірі. Қызылжардың көркі болған “Имантау-Шалқар” курорттық аймағында бүгінде 3900 адамға шақталған 46 демалыс базасы жұмыс істейді. Оның 9-ы келушілер үшін жыл бойы ашық. Бүгінде жыл бойы жұмыс істейтін 16 демалыс орнын ашу мақса­тында инвест-жобалар жүзеге асуда. Сонымен қатар аталған аймақта 4 құтқару пункті салы­нады. Лобаново ауылынан Ақ­мола облысының шекарасына дейінгі жол қалыпқа келтірілген.

Баяндамадан кейін Ғауез Нұрмұхамбетов депутаттардың сұрақтарына жауап берді. Кей депутаттар өздері атқарған жұмыстары туралы баяндады.

– Облыстық мәслихаттағы де­путаттардың жартысынан көбі ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Біз үшін жоғары экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізумен қатар ауылдағы ағайынға қолайлы жағдай жасау да маңызды. Аққайың ауданында 241 ауыл шаруашылығы кә­сіпорны бар. Оның 128-ы мал шаруашылығымен айналыса­ды. Жуырда Аралағаш ауылын­да құны 700 млн. теңге болатын инкубатор іске қосылды. Кәсіп­орынның айлық қуаттылығы – 270 мың балапанға дейін жетеді. Осы айдағы алғашқы 40 мың балапан жұмыртқаны жарып шығады деп күтіп отырмыз. Бұдан бөлек, құс фабрикасын салуға 9 млрд. теңге жұмсалды. Заманауи қондырғылардың арқасында нарыққа сапалы құс етін шығарудамыз, – деді облыстық мәслихат депутаты, “Б-Агро Север” серіктестігінің басшысы Сергей Домаев.

Жиын соңында бірқатар азаматтарға мәслихаттың 30 жылдығына орай марапаттар табысталды. Аудандық, қалалық, об­лыстық мәслихат депутаттары мен құрметті депутаттар Пар­ла­мент Сенатының, бірнеше министрліктің және облыс әкімінің Құр­мет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапаттал­ды.

Диас АЯҒАН

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz