Облыс орталығында Ерік Асқаров атындағы жас ақындар мектебінің 5 жылдық мерейтойына арналған әдеби кеш өтті. Шараға мектеп шәкірттері мен көршілес өңірлерден келген жас дарындар қатысты.
Осыдан 5 жыл бұрын өнерлі өрендерді қабылдап, қазақтың аяулы ақыны Ерік Асқаровтың атын алған мектепте бүгінде 30-ға жуық бала бірнеше бағыт бойынша тәрбиеленуде. Мектеп жетекшісі Жарқын Жұпарханның сөзінше, осы уақыт аралығында қызылжарлық жас дарындар айтыс, жазба ақындық, мәнерлеп оқу бағыттары бойынша облыстық, республикалық байқауларға қатысып, бірнеше рет жүлде алған.
Шараның басында жас ақындар мектебінің ұстаздары Жарқын Жұпархан, Аманжол Зағыпар, Фархат Тастамбек, Қабдолла Бейісхан мен Жұмабек Рахимовқа облыстық білім, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармаларының, облыстық халық шығармашылығы және мәдени бос уақыт орталығының марапаттары табысталды.
Кейін аймақтық оқушылар айтысының шымылдығы түрілді. Жас ақындар мектебінің шәкірттері Нұрғиса Қайыртай, Мәдина Серік, Бейбарыс Аманжол, Сұлтан Жарқынұлы, Әзиз Ақжарқынұлы жүректен шыққан жырларымен көрермен көзайымына айналды. Көршілес Көкшетаудан келген Нұрғиса Елешұлы, Сәттібек Серікболат, керекулік Мейіржан Баршынбай, қостанайлық Ақбота Мұқаш та қарсыластан қалыспай, жыр барымтасында барын салды. Жас ақындардың жыр шумақтары айтыстың шырайын аша түсті. Қатысушылардың ұтымды жауаптары, қағытпалары мен уытты уәждері қазылар алқасының жоғары бағасын алды.
Сайыс соңында қазылар алқасының төрағасы, жазушы, журналист Жарасбай Сүлейменов жас ақындар өз қатарластарына сахнадан тура жол сілтеуі керек екенін айтып, көзге түскен қатысушыларды атап өтті. Айтыс қорытындысы бойынша ақындарға арнайы жүлделер табысталды. Айтыстың бас жүлдесін Ақмола облысынан келген Сәттібек Серікболат иеленді.
Диас АЯҒАН