Солтүстік Қазақстанда ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асып жатыр

Авторы: Qyzyljar News

             Солтүстік Қазақстан облысы бюджетінің үштен бір бөлігі білім беру саласына бағытталған. Материалдық-техникалық базаны нығайту үшін 6,4 млрд теңге бөлінді. 51 пәндік кабинет пен мектептерге 42 автобус сатып алынды. 53 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізілді. Соңғы үш жылда облыста 3 жаңа мектеп іске қосылды. Апатты жағдайдағы мектептер мәселесі биыл жабылды. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ОКҚ алаңында хабарлады.

Оның айтуынша, білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен «Береке» шағын ауданында арнайы мектептің құрылысы аяқталды. Жаңа ғимарат балаларды арнайы мектептерде оқыту үшін орын тапшылығы мәселесін толығымен шешті. Оқу корпусы 300 орынға есептелген, сондай-ақ интернат бар. Қазір мұнда 220 бала білім алуда.

«Президенттің тапсырмасы бойынша өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Қараша айында «Орман» шағын ауданында 600 орындық жайлы мектеп ашылды. Береке шағын ауданында осындай мектептің құрылысы жүргізілуде. Мектепке дейінгі білім беру саласы да дамып келеді. «Бірлік» шағын ауданының кішкентай тұрғындары үшін жаңа балабақша ашылды. Осындай балабақша «Береке» шағын ауданында ашылмақ. Алдағы жылы «Жас Өркен» шағын ауданында балабақша салынады. Осының арқасында тағы 600 бүлдіршін заманауи және жайлы балабақшаға барады», – деді өңір басшысы.

Биыл студенттік жатақханаларда орын тапшылығы мәселесі де шешімін тапты.  Петропавлда жергілікті университет үшін 1200 орындық жатақхана салынды. Бұл облыс орталығындағы ең үлкен жатақхана. Сонымен қатар 156 орынға арналған тағы бір жатақхана ашылды. Оның ішінде университетке шақырылған оқытушылар үшін 25 пәтер бар.

Денсаулық сақтау саласында да өзгерістер орын алуда. Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту ұлттық жобасы аясында облыста қырық алты  медициналық нысан салу жоспарланған. Былтыр сегіз нысан ашылды. Биыл 38 мекеменің құрылысы аяқталуға жақын. Жас Өркен және Береке шағын аудандарында екі емхана ашылды. Жыл соңына дейін Кішкенекөл ауылында жаңа емхана іске қосылады.

«Санитарлық автокөлік жаңаруда. Биыл жеті бірлік техника алынды. Қондырғыларды жаңартуға бес миллиард теңге бөлінді. Ауруханаларға УЗИ, цифрлы рентген, ИВЛ,  маммограф және тағы басқа аппараттар орнатылды. Кардиорталық пен қалалық ауруханаға заманауи ангиографтар қойылды. Енді кардиохирургтар жүрекке жоғары технологиялық оталар жасауда. Петропавлда балаларға арналған оңалту орталығы ашылды. Онда 3 жасқа дейін балалар әр түрлі патологиямен реабилитация өтеді. Облыста телемедицина бойынша пилоттық жоба жүзеге асты. Франциялық компаниямен серіктестік аясында «Лимстар» атты 16 телемедициналық кешен қойылды. Медициналық аппараттардың көмегімен шалғай ауылдарда тұратын адамдарға кеңес беріліп, диагноз қойылады», – деді спикер.

Облыс халқының 42%-дан астамы спортпен шұғылданады. 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 50% -ға дейін артады. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін облыс аудандарында 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 2 жабық хоккей корты және тренажер залы бар жабық жүзу бассейні салынуда. Петропавлда «Алаң» бағдарламасы бойынша футбол алаңы жаңартылды. Итальяндық өндірістің  5-ші буынының жасанды көгалы төселді. УЕФА стандарттары бойынша «Қарасай» стадионын қайта құрудың екінші кезеңі жалғасуда.

«Петропавлда үстел теннисінің заманауи орталығы ашылды. Ол әлемдік стандарттарға жауап береді: 24 үстелі бар ойын залы, жаттығу залы және көрермендерге арналған трибуна. Мұнда республикалық және халықаралық турнирлер өткізуге болады. «Береке» шағын ауданында көпфункционалды дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды», – деді Ғ.Нұрмұхамбетов.

Биыл 16 мәдениет нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс орталығында «Ботай» АРТ-галереясы ашылды. Мұнда көрмелер мен кездесулер өткізіледі. Президенттің тапсырмасы аясында Қызылжар креативті индустрия орталығы ашылды. Жобаны іске асыруды «Самұрық-Қазына Траст» Даму Қоры қолдады. Ғимаратта тарихи келбетін сақтай отырып қайта құру жүргізілді, шығармашылық жобаларды масштабтауға арналған инновациялық жабдықтар орнатылды. Бұл шығармашылық индустрияның дамуына ықпал ететін дарынды жастар үшін бірегей алаң.

Туризм саласында да бірқатар жетістік бар.

«Біздің өңірде таңғажайып орын – Имантау-Шалқар курорттық аймағы орналасқан, онда 3,9 мың демалушыға арналған 46 демалыс базасы бар. Оның ішінде 9 нысан жыл бойы жұмыс істейді. Біздің міндетіміз – осындай демалыс аймақтарының санын көбейту. Инвесторлар 16 жобаны іске асыруға кірісті жыл бойы эко-қонақүйлер салу бойынша және глэмпингтер. Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Шалқар және Имантау көлдерінде 2 су-құтқару бекетін саламыз», – деп түйіндеді өңір басшысы.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz