Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде Солтүстік Қазақстан облысы мен қала интернаттарының тәрбиешілеріне арналған семинар ұйымдастырылды.
Іс-шараға отбасылық үлгідегі балалар ауылы,облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі, Соколов арнайы мектеп-интернаты, «ЛОРД» дарынды балаларға үшін мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты, және Кәкімбек Салықов атындағы орта мектептің атынан 30-дан астам маман қатысты.
-Семинарда өзекті деген тақырыптарды қарастырдық. Бірінші кезекте оқушыларды республикалық ғылыми жобалар конкурстарына дайындау, тәрбиешілердің жұмысына Lesson Study технологиясын енгізу, тәрбиеленушілердің ата-аналарымен жұмыс жасау, волонтерлік бастамалар мен оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымын құру туралы айтылды. Біз өз тәжірибемізде тәрбиешілердің қалай жұмыс істейтінін көрсеттік, – дейді Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің интернат меңгерушісі Бақыт Нурышева.
Аталған бағыттардың барлығы Назарбаев Зияткерлік мектебінің интернатында табысты іске асырылуда. Қазір мұнда облыс ауылдары мен Қазақстанның басқа өңірлерінен келген 136 оқушы бар. Интернат тәрбиеленушілері түрлі байқаулар мен жобаларға белсенді қатысады. Сабақтан тыс жұмыстардың барлығын тәрбиешілер ұйымдастырады.
Семинарда республикалық ғылыми жобалар байқауында табысқа жетудің үлгісі көрсетілді. Өткен оқу жылында интернат оқушылары Әлихан Мұратқазы мен Жігер Төлеген тәрбиеші Қамшат Бекенованың жетекшілігімен бірінші орынды жеңіп алды. Балалар қарт адамдардың әл-ауқатына үстел ойындарының әсерін зерттеген болатын. Биылғы байқаудың республикалық кезеңіне интернаттың тағы бір оқушысы Амина Головина дайындалуда. Ол АСБ бар балаларға арналған «Asilim» қосымшасын жасап шығарды.
Сондай-ақ, семинарда еріктілер жобасын іске асыру және оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымына ерекше назар аударылды. Семинарға қатысушылар мектепте іске асып келетін табысты тәжірибелер туралы біліп, тәжірибе алмасып, шығармашылық практикумда өз м.мкіндіктерін сынап көрді.
-Семинарда бізге бәрі ұнады. Мұндай іс-шаралар жиі өткізілгені жөн. Біз үшін бәрі қызықты болды. Біз балалармен бірге жобалар жазып, кәсібилігімізді арттыра аламыз. Осындай семинарды ұйымдастырғаны үшін алғысымызды білдіргіміз келеді. Алған білімімізді біз өз жұмысымызда міндетті түрде қолданатын боламыз, — дейді Соколов арнайы мектеп-интернатының тәрбиешісі Эльвира Шалдыкова.
Семинар өңірдегі интернаттар арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды нығайту алаңына айналды.