Қызылжар ауданында мал шаруашылығында антибиотиктерді қолдану тәртібі мен қауіпсіздік шаралары тақырыбында екі күндік семинар өтті. Онда ветеринар мамандар түрлі аурулардың алдын алу жолдарын үйреніп, білімдерін жетілдірді. Шараға Қызылжар, Мамлют, Аққайың және Тайынша аудандарының мамандары қатысты.
Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – бүгінде жаһандық мәселеге айналған препараттарға төзімділіктің артуына мамандардың көңілін аудару. Төрт түлікті емдеуде антибиотиктерді оңды-солды қолдану, тез өнім алу үшін мал азығына түрлі қоспалар қосу аталған жағдайды ушықтыра түскен. Антибиотикке төзімді микроорганизмдердің көбеюі мал өнімдерін тұтынатын адамдардың денсаулығына да теріс әсер етуде.
– Адам бойындағы инфекциялық аурулардың 60 пайызы малдан жұғады. Ал ветеринарлардың дәрілерді жиі пайдалануы бактерияның төзімділігіне, індеттің күшеюіне әкеліп соқтыруда. Бұл азық-түлік қауіпсіздігіне де кесірін тигізбей қоймайды. Дәрісте мамандар түрлі препараттарды сауатты пайдалану туралы ақпарат алып, емдеудің баламалы жолдарын үйренді, – дейді аталған жобаның үйлестірушісі Лейла Аңсабаева.
Қауіпсіздік ережелерін ірі шаруашылықтар мен фермаларда сақтау маңызды. Емдеу дұрыс жүргізілмеген малдың өнімі тұтынушылардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сонымен қатар семинарда сарапшылар қорғаныс құралдарын, зертханалық материалдар мен жабдықтарды дұрыс қолдану, залалсыздандыру ережелерін сақтау, дұрыс екпе жасау туралы да айтты. Жиналғандарға салада цифрлық технологияларды қолдану, арнайы қосымшаларды пайдалану жолдары түсіндірілді.
Диас АЯҒАН