АҚЫННЫҢ ЖЫР-ҒҰМЫРЫ

Авторы: Qyzyljar News

            Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап  кітапханада ақын, марқұм Қошқарбай Жұматаевтың «Жұлдызды жылдар жарығы» атты кітабының тұсауы кесілді. Рухани шараны «Қызылжар-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі  серіктестігінің директоры Ербақыт Амантайұлы жүргізді.

Жоғары оқу орнында есімдері елге белгілі Тұрсын Жұртбай, Жүрсін Ерман, Дәулетәлі Стамбеков, Мешімбек Айт, Асқар Игібай, Сәулебек Жамкенов, Намазалы Омашев, Дәмір Әбішевтермен  бірге оқыған Қошқарбай Тойжанұлы 1991 жылы тұңғыш жыр жинағын шығаруға ниеттеніпті. Алайда белгісіз себептермен  кітап баспа бетін көрмеген. «Soltüstık Qazaqstan» газеті ұжымынан құралған  шығармашылық топ ақынның басылым беттерінде жарияланған,  жары Нина Нұртасқызының жеке архивінде сақталған өлеңдерін топтастырған. Жаңа кітаптың тұсауын жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов, облысымыздың құрметті азаматтары Серікбай Құсайынов пен Тілек Әбдірахманов кесті.

   – Қошқарбай Жұматаев  еңбек жолын «Ленин туы» газетінде бастады. Өте ақжарқын, кішіпейіл болатын. Адал, сенгіш, аздаған асаулығы да бар еді. Әр сәтті өлеңге айналдырып, отырыстың сәнін кіргізіп отыратын, – деп сөз сабақтаған Жарасбай Сүлейменов әріптесінің өзіне арнаған бірнеше өлеңін оқып берді.

Қошқарбай Жұматаев 1952 жылдың 2 шілдесінде Шал ақын ауданындағы  Кеңес ауылында дүниеге келген.  1974 жылы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін аяқтады. . Өмірінің әр жылдарында Павлодар, Жезқазған облыстық газеттерінде және «Қазақтелефильм» кино студиясында еңбек етті.

Ақынның көзін көрген Әлім Төлебаев, өлкетанушы Дәстен Баймұқанов, журналист Қошан Қали, қоғам белсендісі Қайрат Дүйсенбі жүрекжарды лебіздерімен бөлісіп,  қаламгердің  проза жанрында да қалам тербегенін айтып өтті. Сөз алғандар өлең жазумен Шал ақын ауданындағы бұрынғы Ленин орта мектебінің 5-сыныбында оқып жүрген кезінен бастап айналысқан таланттың артында қалған еңбектерін жарыққа шығарған редакция ұжымына алғысын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді. Ақынның жырларын оқыған №1 гимназияның оқушылары да көпшіліктің қошеметіне бөленді.

    –  Қошқарбай қолына қалам мен қағаз алса, уақытқа да қарамайтын. Ол дүниеден өткелі біраз уақыт өтті. Бірақ әлі де ел есінде жүргендігі қуантады. Халқының есінде талантты, өз қызметін абыроймен атқарған жан ретінде қалды. Жұмыс үстеліне зор махаббатпен отырушы еді. Өте көп жазды. Өз мамандығын шексіз сүйді, – деді ақынның жары Нина Жұматаева.

Самрат ҚҰСКЕНОВ

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz