Петропавл қаласындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте төтенше жағдай орын алды. Төрт жыл бұрын ғана пайдалануға берілген жаңа ғимараттың төбесінен сылақ опырылып түскен.
Оқиға математика кабинетінде, 7-сынып оқушылары сабақ өтіп жатқанда болды. Үш оқушы жеңіл жарақат алған, олардың өміріне ешқандай қауіп жоқ.
– Сынып жетекшісі бірден «Жедел жәрдем» шақырған. Медициналық мамандар келгенше, ата-аналарға хабар берілді. Зардап шеккен балаларға алғашқы көмек көрсетілді. Ауруханаға барып, балалардың қал-жағдайын білдік. Дәрігерлермен сөйлескенде 2-3 күн бақылауда болатынын айтты, – деді Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің директоры Айнагүл Есқалиева. Ал облыстық көпбейінді балалар ауруханасы директорының міндетін атқарушы Александр Гасман емдеу мекемесіне үш оқушы жеңіл жарақаттармен түскенін, олардың қазіргі жағдайы тұрақты, дәрігерлердің бақылауында екенін жеткізді.
Қазіргі таңда оқиға бойынша арнайы комиссия құрылып, жағдайдың мән-жайы анықталуда. Жауапты органдар мектептің құрылыс сапасын тексеріп, тиісті шаралар қабылдауға уәде беріп отыр.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ