Өңірде қараша айында инфляция жылдық есептеумен алғанда 9,4 пайызды көрсетті. Бағалар өткен жылдың сәйкес салыстырғанда, азық-түлік тауарларына – 6 пайызға, азық-түлік емес тауарларға – 9, ақылы қызметтерге – 13,5 пайызға өсті.
Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бір жыл ішінде тұздалмаған сары май бағасы – 12 пайызға, нан – 10,5, тұз – 10, күнбағыс майы – 9,5, алкогольсіз сусындар – 9, ет 4 пайызға қымбаттаған. Керісінше жармалар – 29,5 пайызға, қант 5 пайызға арзандап отыр. Жас көкөністердің бағасы орта есеппен 17 пайызға өсті, соның ішінде қызанақ – 44, қияр – 37, пияз 16 пайызға қымбаттаған, бірақ қызылша – 24 пайызға, сәбіз 16 пайызға арзандады.
Жеке бас тұтынуына арналған тауарлар мен құралдар бір жыл ішінде 12 пайызға, фармацевтикалық өнімдер – 9, киім және аяқ киім – 10, жуу және тазалау құралдары – 8, зергерлік бұйымдар мен сағаттар 7 пайызға қымбаттаған. АИ-95, АИ-96 маркалы бензин бағасы 4 пайызға, сондай-ақ орталықтан берілетін жылудың тарифі бір жылда 33 пайызға өсті. Тұрғын үй үшін төленетін нақты жалдау ақысы – 20,5 пайызға, амбулаторлық қызметтер – 9 пайызға көтерілді. Демалыс, ойын-сауық және мәдениет саласындағы қызметтер 16 пайызға қымбаттады. Шаштараз және жеке қызмет көрсету мекемелерінің қызмет бағасы да көтерілді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ