«Серпін» бағдарламасы жұмыс істеген 10 жылдың ішінде Петропавлда 1352 адам оқу бітіріп, 442 маман жұмысқа орналастырылды.
Үстіміздегі жылы Қозыбаев университетінің базасында барлық мүдделі мемлекеттік органдар үшін «Серпін қолдау» атты аймақтық жобалық кеңсе ашылды. Басты мақсат – әрбір студент пен түлекке жеке қолдау көрсету.
Қазіргі таңда жергілікті жоғары оқу орнында аталмыш бағдарлама бойынша 169 студент білім алуда. Жобалық кеңседе серпіндік студенттердің оқу үлгерімі, құзыреттіліктері мен жеке тұлғалық қасиеттері жайлы есеп жүргізіледі. Мәселен, жобалық кеңседе 2 және 3 курс студенттері арасында сұхбаттар, тренингтер мен тәлімгерлік бағдарламалар жүргізіледі. Ол үшін СҚО-ның жұмыс берушілерімен 302 шарт жасалды. Сондай-ақ, оңтүстік өңірлерден келген балалардың шығармашылықпен айналысуына да барлық жағдай жасалуда. Оқу бітіруші түлектер дуальды оқытуға жіберіліп, оларға жеке еңбек шартын жасасқанша қолдау көрсетілетінін де айту қажет.
Техникалық, ауыл шаруашылығы және педагогикалық мамандықтар бойынша биыл ЖОО бітіретін 68 студенттің жартысынан көбі жұмысқа орналастырылды. Тағы 31 студент бойынша жеке жоспар құрылып, жұмысқа орналасу үшін ұйымдар таңдалуда.
Бүгінде Петропавл қаласындағы «Alageum Electriс», «Nord panels», «Максимальный Размах corporation» серіктестіктері сияқты ірі компаниялар тарапынан жас мамандарға сұраныс жоғары.
– Мен 2016 жылы «Серпін» бағдарламасы бойынша М.Қозыбаев университетіне оқуға түстім. 2020 жылы оқуды тамамдап, осы өңірде жұмыс істеуге қалдым. Қазір Петропавлдағы №25 орта мектепте география пәнінен оқушыларға сабақ беремін. Университет маған зор қолдау көрсетті. Ал мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек берілді. Соның арқасында несиеге баспана алудың мүмкіндігін қарастырып жатырмын. Алдағы уақытта өзімнің болашағымды осы өңірмен байланыстырғым келеді, – деді Түркістан облысынан келген «Серпін» бағдарламасының түлегі Нұрсейіт Әбдіразақов.