Ерке Есілдің жағасында орналасқан “Петрогорки” спорттық-туристік базасының да пайдасы мол. Қыс мезгілінде қала тұрғындары мен облыс орталығының қонақтары шаңғылар мен сырғанайтын басқа да құрал-жабдықтарды осы жерде жалға алып, жардан өзенге қарай арнайы жасалған жолмен жүйткиді.
Сырғанайтын жолдың жалпы ұзындығы үш жүз метр ғана. Бір жақсысы төменге түскеннен кейін жоғары қарай арнайы көтергіштің көмегімен көтерілуге болады. Тау шаңғысы базасын осыдан жеті жыл бұрын жергілікті кәсіпкер Василий Шунько ашып, киім ауыстыратын бөлмелер, шаңғы және өзге де жабдықтарды сақтайтын орындар салған. Кәсіпкердің өзі шаңғы тебуге деген құмарлығын жас кезінде тауға шығып, құтқарушы немесе альпинист болуды армандағанымен түсіндіреді. Тау құтқарушысы лицензиясын алудың міндетті шарты – шаңғы тебе білу, нақтырақ бірінші спорттық разрядты орындау қажет.
– Осылайша тауға деген құштарлығым мені тау шаңғысы спортына алып келді, – дейді кәсіпкер.
Василий Григорьевичтің жасы 60-қа таяса да, шаңғысын тастамақ емес. Керісінше аталмыш спортты насихаттап, өз балаларын ғана емес, петропавлдық жас өрендерді де көптеп тартуда. “Петрогорки”-де ересектерге арналған тау шаңғысы клубы да бар, оған тұрақты түрде елу адам қатысады, олардың ең үлкені – 74 жаста.
Жиырма бала – облыстық спорт мектебінің тау шаңғысы бөлімшесінің шәкірттері. Василий Григорьевич өзі ақысын төлеп, тағы бес жасөспірімді оқу тобына қосқызған. Онда жеті жастан он үш жасқа дейінгі балалар жаттығады, спорттық-туристік база оларды шаңғы және басқа да жаттығу құралдарымен тегін қамтамасыз етеді. Жас шаңғышылар спорт базасында аптасына төрт күн екі сағаттан жаттығады. Олар жазда да жаттығуларын үзбейді. “Петрогорки”-де бұл үшін арнайы спорттық жабдықтар мен жазғы тау шаңғысы жолы бар.
Василий Григорьевич он екі жасар шәкірті республикалық жарыста өзінен үлкен балалармен жарысып, тәжірибе жинақтағанын және жақсы нәтиже көрсеткенін мақтанышпен жеткізді.
Биыл қарашада қар қалың түспесе де, мұнда қысқы спорт маусымы ашылып, балалар арасында жарыстар ұйымдастырылды. Ақпан айында Алматы қаласында дәстүрлі республикалық турнир өтеді. Демек сол жарысқа баратын солтүстікқазақстандық шаңғышыларды екі айлық қарқынды жаттығулар күтіп тұр.
Марат ШЫНТЕМІРОВ