Облыс орталығында өңірдегі туристік саланы дамыту бойынша жиын өтті. Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы туризм жөніндегі сарапшылар кеңесінің кезекті отырысында Имантау-Шалқар аймағындағы туристік маусымның қорытындылары, саланы қолдау шаралары, дамыту жолдары туралы айтылды.
Имантау-Шалқар курорттық аймағындағы демалу маусымының нәтижелері, аталған орында атқарылған жұмыстар туралы Айыртау аудандық туризм бөлімінің басшысы Аманбек Махметов баяндады. Оның сөзінше, ауданда 46 туристік нысан жұмыс істейді. Олардың қатарында 2 балаларды оңалту орталығы бар. Демалыс орындары бір уақытта 3962 мейманды қабылдай алады.
– “Сокол” сауықтыру орталығы ұзақ жылдар бойы бос тұрды. Биыл нысан кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілді. Келер жылғы маусымда орталық келушілерді қабылдайды деп жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, ауданда қысы-жазы келушілерге қызмет көрсететін “Изумрудное”, “Адель”, “Дом у озера”, “Адам”, “Имантау”, “Қазығұрт”, “Солнечный вип”, “Тұрпан” сияқты 9 демалыс орны жұмыс істейді. Биыл Ақкөл көлінің жағасында тағы бір нысан іске қосылды. Сонымен қатар келушілерді “Зейнеп” колледжіне де орналастырып, тамақтандыруға мүмкіндік бар, – деді Аманбек Махметов.
Былтыр солтүстіктің інжу-маржаны саналатын аймаққа 500 млн. теңге инвестиция салынған. Бұл қаражатқа 5 демалыс орны жаңғыртылып, кеңейтілген. Биыл мұндай жұмыс 4 нысанда жүргізіліп, 160 млн. теңге қаражат құйылған. Имантау-Шалқардың танымалдығын арттыру үшін жақын маңдағы Айыртау, Саумалкөл, Шалқар, Имантау ауылдары халықаралық картографияға енгізілген. Туристік сала үшін қажетті экскурсия жүргізушісі, гид, аудармашы сияқты мамандар Лобаново ауылындағы “Зейнеп” көпбейінді колледжі мен аудан орталығындағы Агротехникалық колледжде даярланады. Аталған жұмыстармен қоса ауданда көлік инфраструктурасын дамытуға да көңіл бөлінуде. Жыл басында Көкшетау ұлттық паркі мен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс бөлімі арасында саябақ аумағы арқылы электр желілерін тарту бойынша келісім жасалған. Келісім негізінде жол картасы дайындалған.
– Бұрын саябақ аумағында мұндай жұмыстар жүргізуде кедергілер болды. Биыл облыс әкімдігі мен министрліктің түрткі болуымен бұл мәселе біржақты етілді. Биыл бірінші кезеңде ұзындығы 87 километр болатын 4 автожол жөнделді. Бұл жұмыстарға 806 млн. теңге бөлінді. Бұл – курорттық аймақты дамытудағы зор серпіліс. Келер жылғы екінші кезең аясында демалыс орындарына кіреберіс 19 километр жол жөнделіп, аталған аумақтағы жол мәселесі түгел шешіледі. Оған қоса 2025 жылы құны 1,9 млрд. теңге болатын 9 демалыс орнының құрылысы аяқталады. Мұның бәрі өңірдегі туризмді дамытудың әлеуеті зор екенін көрсетеді, – дейді Аманбек Махметов.
Шарада облыстық рестораторлар мен қонақүй иелері қауымдастығының төрағасы Сайран Хамза өңірде түрлі маңызды оқиғаларға байланысты туризмді тамыту мәселесін көтерді. Кәсіпкердің сөзінше, өңірдегі бар мүмкіндікті пайдалану арқылы бұл саланы да дамытуға болады. Сайран Хамза “QymyzFest”, “Мөңке күні” сияқты фестивальдерді өткізу арқылы өңірге турист тартуға болатынына сенімді. Бұл бір жағынан көршілес өңірлерден меймандардың келуіне септессе, екінші жағынан бай мәдениетімізді насихаттауға жол ашады.
– Солтүстік Қазақстан облысы жылқы шаруашылығының отаны саналады. Сондықтан да “QymyzFest” шарасын өткізудің символдық мәні бар. Пандемияға дейін фестиваль үш рет ұйымдастырылды. Сонда байқағанымыз – жұртшылықтың мұндай шараларға қызығушылығы жоғары. Бағдарламаға сәйгүліктер шеруі, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнершілер жәрмеңкесін қосуға болады, – дейді Сайран Хамза.
Өңірдің тағы бір мақтанышы – шалқыған көлдері. Сондықтан да “Мөңке күнін” өткізудің де мәні бар. 2016-2019 жылдары бірнеше рет ұйымдастырылған шараға тұрғындар белсене атсалысқан. Фестиваль аясында балық аулау, тамақ пісіру байқаулары өтетін. Кәсіпкердің сөзінше, мұндай шараларды тұрақты өткізу, туристер ағынын арттырып, оң экономикалық әсер бермек.
Отырыста Имантау-Шалқар аймағында “Burning Man” үлгісімен фестиваль өткізу де ұсынылды. Кәсіпкерлер өңір табиғатының мұндай шараны өткізуге қолайлы екенін айтты. Онда қатысушылар өз өнерлерін паш етіп, шығармашылыққа арналған аймақта бас қоса алады.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы