Күнтізбелік жылан жылының есік қағуына санаулы күндер қалды. Бүгіндері қала тұрғындары сауда орындарынан мерекелік дастархан мәзіріне қажеттілерін сатып алуға кіріскен. Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасын ұстап тұру үшін Петропавл қаласындағы тұрақтандыру қоры тауарларды сауда нүктелеріне қажетті мөлшерде жеткізе бастады. Қазіргі таңда облыстағы тұрақтандыру қорында азық-түліктердің жеткілікті мөлшері бар.
«Солтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына қарасты тұрақтандыру қорында бүгінгі таңда бірінші кезектегі азық-түлік молынан бар. Мәселен қорда, 520 тонна сәбіз, 400 тонна қырыққабат, 500 тонна сарымсақ, 1224 тонна картоп бар. Көкөністерден басқа күріш, қарақұмық, ұн, күнбағыс майы, тұз, қант, тауық еті мен жұмыртқа жеткілікті. Бағалары да қолжетімді. Мысалы, күріштің келісі 427 теңгеден, қант 460 теңгеден, ұн 260-280 теңгеден, тұз 55 теңгеден саудалануда. Картоп, қырыққабат, сарымсақ бағасының бір келісі 97 теңге болса, сәбіз 105 теңге.
Тұрақтандыру қорына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19-ның 14-і сатып алынады. Бұл мақсаттарға облыстық бюджеттен қаражат бөлінеді. Биыл 2,85 млрд. теңге қарастырылған. Өнімдердің басым бөлігі жергілікті тауар өндірушілерден алынады. Азық-түлік тұрақтандыру қорының нүктелеріне күн сайын, супермаркеттерге аптасына үш рет, ал үйде орналасқан дүкендерге екі рет жеткізіледі. Тұрақтандыру қорымен ауылдық дүкендер де жұмыс істейді. Өтінімдерді аудандардағы кәсіпкерлік бөлімдері қабылдайды.