Есіл ауданында екі заманауи тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. 1,4 мың басқа шақталған алғашқысы «Атамекен-Агро-Корнеевка», 800 басқа арналған екіншісі «Азия Тораңғұл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында ашылды. Жаңа фермалардың жұмысын облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов барып көрді.
«Атамакен-Агро-Корнеевка» фермасына Еуропадан 98 ірі қара әкелініпті, нәтижесінде қазір гольштейн-фриз сиырларының жалпы саны 1200-ден асқан.
Биыл облыс бойынша 19 тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілді, оның 11-і пайдалануға берілді. Жалпы облыс бойынша қазіргі уақытта 110 ферма бар. Оның 42-сі – заманауи фермалар.
-Гольштейн-фриз сиырлары жоғары селекцияға жатады, генетикалық әлеуеті жоғары. Ірі қара Германия мен Даниядан әкелінген. Кәсіпорын жоғары технологиялы «ақылды» ферма саналады, толықтай цифрландырылған. Жылына 9 мың тонна сүт алынатын болады, жаңа 80 жұмыс орны құрылды, — деді Марат Иманбайұлы.
Тораңғұл ауылында осыдан екі жыл бұрын құрылысы басталған тауарлы-сүт фермасының екінші ғимараты пайдалануға берілді. Бұл ферма 800 сауын сиырды ұстауға арналған, майлылығы жоғары сүтті «Eurasian milk» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сатып алып жатыр.
Екі жоба да Мемлекет басшысының облыста тауарлы-сүт фермаларының құрылысына жеңілдікпен кредит беру саласындағы табысты тәжірибесін енгізу жөніндегі тапсырмасы аясында іске асырылды. Барлық 19 ферма іске қосылған кезде жалпы мал басы 11 мың сиырға жетеді, ал жалпы өндірістік қуаты 70 мың тонна сүтті құрайды. Жаңадан 500 жұмыс орны ашылмақ.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ