Үстіміздегі жылы өңірімізде көз ауруына шалдыққан науқастарға 3 342 ота жасалды. Тұрғындар көздің көру қабілетін жақсартуға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қол жеткізуде.
«Айна-көз» жекеменшік емдеу мекемесінің ақпаратына сәйкес, 2024 жылы МӘМС шеңберінде халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің көлемі ұлғайып, 1606 операция жасалған. Оның жалпы сомасы 414 млн. 548 877 теңгені құрады.
– Орталыққа тәулігіне орта есеппен 50-ден 70-ке дейін науқас келеді. Медициналық көмек сапасының артуына МӘМС жүйесінің үйлесімді жұмысы ықпал етті, – дейді офтальмолог-микрохирург Сергей Бородкин.
Жыл басынан бері «Есіл-Диагностик» офтальмологиялық орталығында МӘМС аясында 553 млн. 372 мың теңгеге 1736 адамның көзіне ота жасалды.
Облыс орталығының тұрғыны Нина Жильцова – зейнеткер. Ол дәрігердің жолдамасы арқылы көзге тегін ота жасалатынын білген. Мұндай медициналық көмекке МӘМС жүйесінде сақтандырылған науқастар қол жеткізе алады.
– Мен тұрғылықты мекенжайым бойынша №2 қалалық емханаға тіркелгенмін. Дәрігерім мені көзге ота жасату үшін порталға қойды. Кезегім келіп, жеке меншік емханада ота жасаттым. Уақтылы жасалған ота көру қабілетімді жақсартты, – дейді Нина Жильцова.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінгі күні порталда операция жасату үшін кезекте 542 адам тұр.
Аманжол НҰРТАЗИН, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалы халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің бас сарапшысы