М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Ғылым қорының» ұйытқы болуымен Солтүстік және Орталық Қазақстандағы агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарын ғылыми-техникалық дамыту тақырыбында хакатон өтті. Шараға салалық министрлік өкілдері, отандық, шетелдік ғалымдар мен тауар өндірушілер қатысты.
Шараны ашқан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Қызылжар үшін аталған саланы дамытудың маңызы зор екенін атап өтті.
– Бүгін біздің облыста агро саладағы ғылымды дамытуға бағытталған хакатон өтуде. Бұл – 65 жетекші ғалым мен 20 табысты кәсіпкердің басын қосқан айтулы жиын. Ғылым және жоғары білім министрлігі агроғылымды дамытудың жаңа форматын қолға алды. Өңіріміз Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп аталған бастаманы қолдап келеді. Ауыл шаруашылығы ғылымын дамытып, селекция мен тұқым шаруашылығын жандандырудың, салаға жаңа технологияларды енгізудің маңызы күн сайын артып отыр. Өңірде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар жаңғыртылып, жаңа кешендердің құрылысы жүргізілуде, –деді Ғауез Торсанұлы.
Ел Президенті Ғылым және жоғары білім министрлігіне өңірлермен, ондағы кәсіпорындармен тығыз қарым-қатынас орнату жөнінде тапсырма берген болатын. Аталған шара да осы бастама негізінде ұйымдастырылып отыр. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан АхмедЗаки ғылыми жетістіктерді өндіріс әлеуетін еселеуге пайдалану қажет екенін айтты. Оның сөзінше, бұл жұмыстардың бәрі Қаныш Сәтбаев ғылым академиясын құрған сәттен бастап қолға алынған екен. Бүгінде бұл іс қайта жанданып, университеттердің жабдықталуына, технопарктар мен инженерлік орталықтардың ашылуына қомақты қаржы бөлінуде.
– Бұл жұмыстардың бәрі ғылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасында көрсетілген. Ғылымға қаржы салған кәсіпорындарға сол қаржының 300 пайыз көлеміне дейін салықтық жеңілдіктер беру туралы өзгерістер дайындалуда. Ғылыми-зерттеу институттарын қолдау да жалғасады. Бүгінде ондағы жобаларды комерциялизациялау мен әртараптандыруға көңіл бөлінуде. Мемлекет қаржысынан бөлек салаға венчурлық инвестициялар тарту көзделген. Мемлекеттік қолдау, кәсіпорындар қаржысы мен инвестицияларды қосқанда ғылыми-зерттеу жұмыстарына 350 млрд. теңге бағытталған, – деді вице-министр.
Дархан Ахмед-Заки өз сөзінде қазақ ғылымының соңғы жетістіктеріне де тоқталды. Ғалымдардың жетістіктеріне сүйенген Жезқазғандағы «Қазақмыс» компаниясы селен өндірісін қолға алып, жаңа цехтар ашқан. Оған қоса Парламент қабырғасында елде ғылыми қалашық салу туралы жоба қарастырылуда. Жаңа қалашық Курчатов немесе Алатау қаласының маңынан салынуы мүмкін. Онда агроғылым мен ядролық технологияны дамыту көзделген.
Ауыл шаруашылығы мен ғылымның интеграциясы туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков айтып берді.
– Қазақстан – аграрлы ел. Аталған саланың өркендеуі ел дамуының қозғаушы күшіне айналып келеді. Агроөнеркәсіптік кешен бәсекеге қабілетті болу үшін ауа райы мен климаттық жағдайдың шешуші фактор емес екенін түсінуіміз керек. Кәсіптің табысты болуы инновация мен технологияға тікелей байланысты. Бүгінде өсімдік шаруашылығындағы тәуекелдерді барынша азайтып, жылда қажетті өнім жинауға мүмкіндік бар. Ал атакәсіппен айналысу қазақтың қанында бар. Мұндай шаралар маңызды шешімдер қабылдап, алдағы сындарды бірлесіп еңсеруге мүмкіндік береді, – деді Ербол Тасжүреков.
Диас АЯҒАН