ҚҰЛДЫРАҒАН ҚҰНДЫЛЫҚТАР

Авторы: Qyzyljar News

           «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жыл сайынғы ұлттық баяндамасын жариялады. Баяндаманы жа­саушылар Қазақстан жастарының денсаулық пен де­малыс, білім мен ғылым, әлеуметтік-экономикалық ахуал, құндылық пен қызығушылықтар, қоғамдық-саяси процестер сияқты өз өмірінің негізгі аспектілерін қабылдауы мен бағалауын сараптаған.

Әлеуметтанулық зерттеу аумағы еліміздің бар өңірін – Астана, Алматы, Шымкент қалаларын, 17 облыс орталығын, сонымен бірге ауылдық елді мекендерді қамтыды. Зерттеуге өңірімізден 47 жас қатысты. Оның 23-і қала тұрғыны болса, қалғаны ауыл жастары.

Білім беруге қатысты жүргізілген талдаулар жастардың басым көпшілігі білім беру деңгейіне қанағаттанатынын көрсетіп отыр. Алайда олардың білім деңгейі жоғарылаған сайын, көңіл толмаушылар саны арта түскен. Сауалнамаға қатысқан мектеп оқушылары өздерін негізінен оқу орнында діни киімдер кию, мектептегі ғаламтордың әлсіз болуы, дәретхана жағдайының көңіл көншітпейтіні, сабақтан тыс үйірмелердің аздығы алаңдататынын жеткізген. Ал колледж студенттерінің көбі шәкіртақының аздығын атап көрсеткен. Ал жоғары оқу орнындағы жастарды гранттардың бөліну жүйесі, оқу ақысы мен саладағы жемқорлық тәуекелдері алаңдатады екен.

14-35 жас аралығындағылардың әлеуметтік ахуалы туралы зерттеуде солтүстікқазақстандықтардың 70 пайызы өз өміріне көңілі толады деп көрсетілген. Ал жалпы елдегі жастардың жартысы ақшасы тек күнделікті керегіне ғана жететінін, басқа шығындарды қалталары көтермейтінін айтқан. Материалдық жағдайына көңілі толмайтындардың көбі ауылда тұрады екен. Жастардың табысының көбі азық-түлік, киім-кешек, тұрғын үйді жалға алуға жұмсалады. Қаржылық қиындық кезінде қазақстандық жастар несие рәсімдеуге, таныстарынан қарыз сұрауға, ата-анасынан көмек күтуге мәжбүр.

Мемлекеттің жалпы бейнесін қалыптастыру мен оның дамуын анықтауда құндылықтар бағыт-бағдары маңызды орын алады. Әсіресе жастар құндылықтарын ескеру маңызды, өйткені олар қоғамның мейлінше белсенді де динамикалық бөлігін құрайды. Жастар құндылықтары әдетте ағымдағы әлеуметтік-мәдени трендтерді, олардың әділеттілікке, еркіндікке, теңдікке, экологиялық жауапкершілік пен толеранттылыққа көзқарасын білдіреді. Бұл аспектілер олардың таңдауы мен мінез-құлқын анықтап қана қоймайды, сонымен қатар елдегі әлеуметтік және саяси ахуалға ықпал етеді. Жастар құндылықтарының бағыт-бағдарын түсіну мемлекетке қоғам сұранысы мен ағымдағы талаптарға қатысты өз саясатын бейімдеу мен даму стратегиясын анықтауға мүмкіндік береді.

Зерттеу нәтижелерін өткен жылдар қорытындыларымен салыстыру айтарлықтай өзгерістер жоқтығын көрсетті. Қазақстандық жастар үшін отбасы мен денсаулық бұрынғыдай басым құндылық саналады. 2024 жылғ ы сауалнама нәтижелері бойынша достық құндылығы үшіншіден төртінші сатыға төмендеген. Ал жастар үшін мейлінше маңызды құндылық ретінде үшінші орынды материалдық қамтамасыз ету алды. Ал шығармашылықты басты құндылық ретінде санайтындар қатары кеміген. Сенім, дін, махаббат, басқаларға көмектесу мен жеке мансабын басты құндылық еткендер үлесі де айтарлықтай азайған.

Ақпарат алғанда жастардың көбі билік өкілдері, қоғам қайраткерлері мен ғалымдарға сенетінін көрсеткен. Бір қызығы блогерлер, дін қызметкерлері мен спортшылардың айтқанын рас деп қабылдайтындар да көп екен. Ал жауап бергендердің үштен бірі кімге болсын күмәнмен қарауға бейіл.

Заманауи цифрлық кезең контенттің тұтыну мәдениетін едәуір өзгертті. Әлеуметтік желілер, мессенджерлер мен видеоплатформалар көптеген жастардың күнделікті өмірінің құрамдас бөлігіне айналды. Жастардың көбі бос уақытында фильм, сериал қарап, әлеуметтік желіде уақыт өткізгенді қалайды. Жауап берушілердің тек 2 пайызы ғана мұндай контент тұтынбайтынын жеткізген.

Тұтастай алғанда жастар саясатының іске асырылуы «қанағаттанарлық» деп бағаланды. Сарапшылар нақты және жүйелі шараларды даярлаудағы мемлекеттің оң ұмтылысын атады. Бұл ретте олар жастар бағдарламаларының жалпы мемлекеттік стратегияға бейімделуі мен олардың ұзақ мерзімді өзгерістерге бағытталуы қажеттігін көрсетті. Қазіргі бастамалар мен жобалар жастар саясатының тұрақты түрде дамуына негіз болады.

Диас АЯҒАН

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz