Облыстың прокурорлары талдау шеңберінде зейнетақы төлемдері бойынша берешекті өндіріп алу жөніндегі мәжбүрлеу шараларын қабылдамау фактілерін анықтаған.
Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 256-бабына сәйкес әлеуметтік аударымдар мен міндетті зейнетақы жарналарының уақтылы және толық көлемде төленбеген сомаларын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады. Алайда бұл талаптарды кей аудандардың мемлекеттік қызметшілері елемеген.
Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданының мемлекеттік кірістер басқармасы бес жұмыс берушіге (салық төлеушілерге) қатысты жеті ай бойы 50 жұмыскердің пайдасына міндетті зейнетақы төлемдері бойынша берешекті өндіріп алу жөнінде тиісті шаралар қабылдамаған. Ал Аққайың, Ақжар, Есіл, Мамлют, Шал ақын, Қызылжар, Уәлиханов, Тайынша аудандық және Петропавл қалалық мемлекеттік кірістер басқармаларының лауазымды адамдары еліміздің қолданыстағы заңнамалардың талаптарын бұза отырып, зейнетақы жарналарын уақтылы аудармағаны үшін Әкімшілік құқықтық бұзу туралы кодекстің 91-бабына сәйкес 22 жұмыс берушіні әкімшілік жауапкершілікке тартпаған.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде қызметкерлер алдындағы зейнетақы төлемдері бойынша 3 млн. теңге мөлшеріндегі берешек өтелді. Жұмыс берушілер мен мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды адамдары жауапкершілікке тартылды.