Халқымыздың тарихындағы айырықша маңызы бар – Тәуелсіздік күні төл тарихымыздағы мерейлі белес. Бұл егемен ел болуды аңсаған ата-баба арманы ақиқатқа айналған ұлы күн. Осы күнді-Тәуелсіз ел болу мәртебесін көру – бүгінгі ұрпаққа бұйырған зор бақыт. Осы қуанышты күндерде азаматтық пен еркіндіктің бізге біреу әкелген сый емес, оның мұраты мен міндетін орындау бүгінгі ұрпақтың еншісіне бұйырғанын айта кетейік.
Алдымен Тәуелсіздіктің адам санасындағы ең қасиетті, ең басты құндылық екенін, бар жан дүниемізбен сезінгеніміз, сезгеніміз абзал. Өйткені, тәуелсіздік сан ғасырлар бойы бостандық пен егемендік жолында жанын пида етіп күрескен бабаларымыздың, жарты әлемді халықтар түрмесіне айналдырған кеңес үкіметінен теңдік сұрап көтерілген қазақ жастарының асқақ арманы жүзеге асқан күн.
Сондықтан қазір Тәуелсіздік күні еліміздің егемендігі жолында күрескен ұлттық батырларымызға Құрмет көрсетілетін маңызды мемлекеттік мереке болып табылады. Қаладағы аға ұрпақ өкілдерінің басын қосып отырған қоғамдық ұйым – ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іргетасын қалап, нығайтып, мемлекетімізді абыройы асқақ қазақ елі ретінде қалыптасуына үлкес қосқан арадагерлеріміздің де еңбегі өлшеусіз екенін айтқым келеді.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы қадамдарының куәгері болып қана қоймай, оның әрбір таңын қуана қарсы алып, әр күнінде қажырлы еңбекпен, төзімділікпен тер төккен аға ұрпақ өкілдерінің ел болашағы – бүгінгі ұрпаққа айтар ақылы, жеткізер аманаты да бар.
Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қиындықтарды өзге жұрт ғасырлар бойы жүріп өткен жолды жергілікті халық пен өзге этнос өкілдерінің қажырлы еңбегі мен бірлігінің, татулығының арқасында осы қысқа уақыттың ішінде еңсере алдық.
Көк туымызды көкке көтеріп, елдіктің көшін түзеп, талай қиындықтарды еңсеріп, іргелі ел, дербес мемлекет екенімізді әлемге жария қылдық.
Дәуір дағдарыстарын еңсере жүріп, елдігіміз шыңдалды, мемлекетіміз нығайды. Сырт елде қалған қаракөз қандастарымызды Атамекенге жинап, бауырымызға тарттық. Әлеуетті елдермен ынтымақтастық орнатып, барша әлемге бейбіт бастамалармен танылдық.
Бірлігін берік ұстаған қазақ елі биліктің бейбіт ауысуының да ерен үлгісін көрсетті, соңғы жылдардың үлесіне тиген сынақтарды да абыроймен еңсере білдік.
Өткенге көз сала келе кейбір тоғышар жандардың Тәуелсіздікке еш қиындықсыз қол жеткіздік дегені оның құнын арзандататынын, құндылығын түсіретінін ұмытпайық. Тәуелсіздік – әр ұлттың арманы. Бірақ барлық ұлттың бұл арманға қолы жете бермейтініне біз куәміз.
Басымызға қонған бақ құсын ұшырып алмас үшін алдағы уақытта да заман талабына сай қуатты ел болып, ғасыр сынағынан сүрінбей өтуге тиіспіз. Тәуелсіздіктің құндылығын, қадірін біліп қана қоймай, оны көздің қарашығындай сақтау бүгінгі ұрпаққа аманат.
Жангелді ТӘЖИН,
Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.