ЖЕЛТОҚСАН ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Авторы: Qyzyljar News

         Қазақ тарихы еркіндік пен дербестік үшін күрестің жарқын мысалдарына толы. Ежелгі түркілердің дәуірінен бастап, қазақ халқы Ұлы Даланың байырғы иесі ретінде өз жерін жаулардан қорғап, еркін өмір сүруге ұмтылды. XV ғасырда Керей мен Жәнібек хандардың бастауымен Қазақ хандығы құрылып, бұл тарихи оқиға тәуелсіз мемлекеттің алғашқы қадамы болды. Қазақ хандығы ғасырлар бойы сыртқы жаулармен, әсіресе Жоңғар шапқыншылығымен күресіп, ұлттық бірегейлікті сақтауға тырысты. Бірақ XVIII ғасырда Ресей империясының ықпалы күшейіп, Қазақстан біртіндеп отар елге айналды.
Желтоқсан оқиғасы тәуелсіздікке жол ашқан маңызды тарихи кезеңдердің бірі ретінде жадымызда жатталып қалды. 1986 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің пленумында Дінмұхамед Қонаев қызметінен босатылып, оның орнына қазақ елінде бұрын қызмет етпеген Геннадий Колбин тағайындалды. Бұл шешім қазақ жастарының наразылығын тудырды, өйткені олар жергілікті халықтың мүддесін елемеген биліктің бұл әрекетін әділетсіздік деп санады.
1986 жылғы желтоқсан айында 3-ші курста оқып жүргенбіз. Жастар 17-18 желтоқсан күндері алаңға көптеп жиналды. Барлық студенттерді ҚазҰУ-нің оқу ғимаратынан шығармай, қамап қойды. Бірақ та себебін тауып, шыққандар жетерлік еді. Сол уақытта студенттер мен оқытушы-профессорларды қудалау басталып, соның біраз зардабын тарттық. Сабаққа қатысуыға тиым салып, оқудан шығарып жіберді. Кейін саяси жағдай қалпына келген кезде оқуға қайта оралдық. Профессор Темірбек Қожакеевтің ғылыми жетекшілігімен патшалық Ресей тұсында жарық көріп тұрған баспасөздегі қазақ даласын отарлау саясатының жазылуы мәселесін ғылыми тұрғыдан зерттеп, диссертация қорғап шықтым.
Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының рухын оятып, ұлттық сананың қайта жаңғыруына себеп болды. Бұл тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Кеңес Одағы халықтарының тәуелсіздікке деген ұмтылысының бастауына айналды. Кеңес Одағының ыдырау үдерісін жеделдеткен бұл оқиға қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырды.
Қазақстанның тәуелсіздігі тарих жылнамасында алтын әріптермен жазылды. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылдап, еліміз егемендігін жариялады. Бұл күн қазақ халқының өз тағдырын өз қолына алған жеңіс күні еді.
Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары көптеген қиындықтарға тап болды. Экономика құлдырау үстінде еді, халықтың тұрмысы ауыр болды. Ұлттық валютамыз енгізілмеген, ел халықаралық деңгейде әлі таныла қоймаған еді. Сол уақыттағы қиындық орта буынның әлі есінде. Бірақ осы қиындықтарға қарамастан, мемлекет өзінің егемендігін нығайту үшін батыл қадамдар жасады.
Бүгінде Қазақстан БҰҰ, ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі болып, аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа үлес қосып келеді.
Тәуелсіздік – бұл тек мемлекеттің саяси еркіндігі ғана емес, ол халықтың өзіндік мәдениеті мен дәстүрлерін сақтауға, ұлттық құндылықтарды дамытуға мүмкіндік беретін ұлы құндылық. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы мен 1991 жылғы тарихи тәуелсіздік күні бізге бір маңызды өмір сабағын үйретті. Азаттық – ұлттың бірлігі мен күресінің нәтижесі. Осы күнді әрбір Қазақстан азаматы мақтанышпен атап өтеді. Өйткені бұл – халқымыздың жеңісі мен егемендігінің нышаны.
Бұл күн – тек өткенді еске алу емес, сондай-ақ болашаққа сеніммен қарайтын мезет. Желтоқсан көтерілісінің батырлары мен егемендік үшін күрескен ұрпақтың ерлігін ұмытпау – біздің парызымыз. Қазақстанның болашағы жарқын болу үшін әрбір азамат осы күннің маңызын терең түсініп, елдің өркендеуіне өз үлесін қосуы керек. Біздің тәуелсіздігіміз – баға жетпес байлығымыз. Оны қорғау, сақтау және дамыту – бүгінгі және келешек ұрпақтың қасиетті міндеті.

Мырзантай ЖАҚЫП,
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz