Қазақстандағы ең көне музейлердің бірі саналатын облыстық тарихи-өлкетану музейінің 100 жылдығы кеңінен аталып өтті. Мерекелік іс-шаралар 1947- 1983 жылдар аралығында музейдің директоры болған Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері Константин Ушковқа арналған мемориалдық тақтаның ашылуымен басталды.
Облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов мұражай қызметкерлерін құттықтап, өңір басшысы мен Мәдениет және ақпарат министрінің атынан төсбелгі мен Алғыс хаттар табыс етілді. Музей мамандары Ғалия Балтабаева, Ирина Матвеева «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері атанса, Гүлнұр Зейнелғабиденова, Римма Попович, Айсұлу Сәрсенова, Вера Гончарова Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен, Мейрамгүл Әбуова, Татьяна Ланьщикова, Ольга Смагина облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
– Тәуелсіз еліміздің жас ұрпағының ұлттық сана- сезімі өршіл болып қалыптасуына және оларды отаншылдық рухта тәрбиелеу саласында 2002 жылдан бері қызмет етіп келемін. Еңбегімді бағалап, сый-құрмет көрсеткен ұжымыма алғысым шексіз, – деді марапатталғандардың бірі Гүлнұр Зейнелғабиденова.
Салтанатты шара барысында Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры Қуаныш Шақшақовпен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің тарих, экономика және құқық факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Зауре Картова жүрекжарды лебіздерін білдірді. Сонымен қатар облыс әкімдігінің атынан мұражайға «Газель» автокөлігінің кілті тапсырылды.
Іс-шараға қатысушылар тарихи-өлкетану музейінің қалыптасуы мен дамуы туралы баяндайтын «Музей ғасыры» көрмесімен танысты. Ғасырлық тарихы бар мұражай қорында өлкеміздің өткенінен сыр шертер 350 мыңнан астам жәдігер сақталған.
Самрат ҚҰСКЕНОВ