Үстіміздегі жылдың қазан айында «Береке» шағынауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілгені баршамызға аян. Аумағы 3 мың шаршы метрден асатын, 250 орынға арналған үш қабатты спорттық нысанның бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?
«Береке» дене шынықтыру-сауықтыру кешені директорының орынбасары Степан Притуланың айтуынша, төрт залдан тұратын нысанда балалар волейбол, күрес, бокс, велоспортпен айналысады.
– Әр залда екі топ, екі жаттықтырушы жұмыс істейді. Қазақ, грек-рим, еркін күрес бойынша 140 бала жаттығады. Алдағы уақытта олардың қатары толығатынына сенім бар. Волейболдан үш жаттықтырушы 120 баланы дайындайды. Жаңа жылдан кейін тағы 2 топ ашуды жоспарлап отырмыз. Болашақ олимпиада чемпиондарын шығару – басты мақсатымыз, – деді Степан Алексеевич.
Бокс залында 70 бала тәрбиеленеді. Бапкердің бірі – Алексей Михайлов баланың бойындағы мінез бен ерік-күшін тәрбиелеуде, табандылық пен төзімділікті қалыптастыруда бокстың пайдасы өте көп екенін айтты. Сондай-ақ бапкер жас жеткіншектерді тәрбиелеу мен олардың ішкі жан дүниесін тани білу, мінезі әрқилы балалармен жұмыс істеуде белгілі бір әдіс-тәсілдерді ұстану, жеңіске деген құлшынысын ояту – бұның бәрі әрине үлкен тәжірибе мен мол дайындықты, терең білімді қажет ететінін, жақсы бапкер балаларды жаттықтыра жүріп сан-алуан тәсілдерді үйретіп қана қой¬майды, олардың өзіне деген сенімін оятып, адамгершілік, тұлғалық қасиеттерін қалыптастыратынын жеткізді.
– Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде жаттығу жексенбіден басқа уақытта күн сайын өтеді. Нысан заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ашылғанына көп уақыт өтпесе де, спортқа бейімі бар балалар көптеп тартылуда. Жасөспірімдер шаршы алаңға шығармас бұрын оларға рингте тұруды, өзін ұстауды, қалай қорғану керектігін үйретеміз. Қорғану техникасын меңгеріп алса ғана, жұдырықтасуды үйретуге болады. Ал бірінші орында тәрбиеленушілеріміздің денсаулық жағдайы басты орында тұратынын жадымыздан шығарған емеспіз, – деді бапкер Алексей Михайлов.
«Көзінде от ойнаған, сөзінде жалын бар, арды жаннан қымбат көретін» Тамерлан Ғаббастың бокспен айналысып жатқанына көп уақыт өте қоймаған. Келешекте олимп шыңдарын бағындыруды мұрат еткен жасөспірімнің бағдары айқын.
-Өскенде чемпион болуды армандаймын. №24 орта мектепте оқимын. Оқудан қолым босаса, бірден спортзалға келемін. Сенім артып, баптап, бокстың қыр-сырын үйретіп, жөн сілтеген бапкерлерімнің еңбегін зая кетірмеймін, – деді болашақ чемпион.
Кешенде велоспортпен 30-ға жуық бала айналысады. Әрқайсысының басты мақсаты – күнделікті жаттығудан оң нәтиже шығару.
-Біз болашақ велошабандоздарды тәрбиелеп жатырмыз. Жұмысымыз да көріне бастады десек, еш қателеспейміз. Өткенде облыстық велошабандоздар жарысында шәкірттеріміз Әдия Нұрпейісова 2 орын, Гүлбала Көшкенбаева 3 орын алды. Алдағы сайыстардан да қанжығамыздың бос қайтпайтынына кәміл сенемін, — дейді жаттықтырушы Александр Овсянников.
Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің алаңында Петропавлдағы 5-ші велобаза орналасқан. Сондай-ақ, тұрғындар үшін орталықта тренажер залы, жас футболшыларға арналған футбол стадионы да бар. Отыз бес мыңнан астам тұрғыны бар шағынаудандағы спорттық кешеннен чемпиондар шығатынына сенім зор.