«Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар арасындағы үздік шаруашылыққа арналған республикалық конкурс қорытындыланды.
Байқауға Солтүстік Қазақстан облысының азаматтары да қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Жүлдегерлер қатарынан Мағжан Жұмабаев ауданының Полудин ауылдық округінің әкімі Мәдениет Қалиев, Тайынша аудандық «Аманат» ШҚ басшысы Шоқан Әлжан және Тимирязев ауданының жеке кәсіпкері Ақбөкен Құлбахина үздіктер қатарынан көрінді. Олар «Үздік ауыл әкімі», «Үздік тауар кредиторы», «Үздік аспаздық өнім» номинациялары бойынша жеңімпаз атанды.
-Биыл біздің партия жобаға қатысушылар арасындағы үздік шаруашылықтар мен кооперативтерді жұртқа көрсету үшін арнайы конкурс өткізді. Олардың тәжірибесі болашақта «Ауыл аманаты» жобасын жетілдіру үшін пайдаланылады. Конкурс аясында біз ауыл өміріне ерекше назар аударуды көздедік. Ауыл — біздің алтын бесігіміз, мәдениетіміздің, дәстүріміздің және рухани өміріміздің сарқылмас қайнары, — деді «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов.
Сонымен қатар, Ерлан Қошанов мемлекет тарапынан жүйелі назар аударуды талап ететін бірқатар өзекті мәселені атап өтті. Бұл ауылдардың инфрақұрылымын дамыту, ауыл тұрғындары үшін кепілсіз «тауарлық несие» енгізу, ауылдық округтер бюджетінің кіріс базасын арттыру және тағы басқалар.
Өз кезегінде, вице-премьер Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылған сәттен бастап 16 мыңға жуық ауыл тұрғыны жеке кәсібін бастау үшін 2,5% жеңілдікпен шағын несие алғанын, бұл 17 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік бергенін айтты. Сондай-ақ ол қазір шағын несие алушылар өндіретін өнімді өткізуді жолға қоюға ерекше назар аудару керек екенін атап өтті.
Жалпы еліміздің барлық өңірінен байқауға қатысу үшін 250-ден астам өтінім келіп түскенін атап өтті. Қазылар алқасының шешімімен 30 өтінім 10 номинация бойынша жүлделі орындарға ие болды.