ЖЕТІМНІҢ БАСЫНАН СИПА, ЖҮРЕГІҢ ЖҰМСАРАДЫ

Авторы: Qyzyljar News

            Өңірде бірқатар отбасы  соңғы екі жылда 50-ге жуық жетім баланы бауырына басқан. Былтыр арнайы мекемелерде тәрбиеленіп жатқан балалар  саны 312 болса, қазіргі уақытта олардың қатары  344-ке жеткен.

Жалпы өңірде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленетін 10 мекеме бар. Оның 8-і  білім беру жүйесіне қарайды. Соның үшеуі — өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы. Бұл орталықтар Қызылжар ауданының Архангелка ауылында, Айыртау ауданының Саумалкөл және Мағжан Жұмабаев ауданының Полудино ауылында орналасқан. Ал отбасылық үлгідегі балалар ауылы және 2 жасөспірімдер үйінің бірі Петропавлда, сонымен қатар  Ақжар ауданының Талшық ауылында жұмыс істейді.

Қызылжар ауданында жетім  және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленетін ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған Соколов арнайы мектеп-интернаты бар. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда жетім  және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Шөптікөл арнайы мектеп-интернаты жұмыс істейді.

Петропавлдағы «Балалар үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі денсаулық сақтау саласының құзіретінде. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау жүйесіне Петропавлдағы балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қарайды.

-Балалар мұндай мекемелерге әртүрлі себептермен түседі, бірінің әке-шешесі ата-ана құқығынан айырылған, екіншісінікі қамауда отыр. Енді бірінің ата-анасы ұзақ уақыттан бері емделуде. Мекемелердегі жетім балалардың үлесі  14 пайызды құрайды.  Былтыр 28 баланы, биыл 21 баланы ерлі-зайыптылар асырап алды, — дейді  облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.

Маманның айтуынша, республикалық деректер банкінде орталықтандырылған есепте тұрған балалар біздің елден тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына асырап алуға берілуі мүмкін. Ал шетелдіктердің бала асырап алуы туралы істерін қараған кезде сот азаматтығы мен тұрғылықты жеріне қарамастан баланың туыстарының не Қазақстан Республикасы азаматтарының осы баланы бірінші кезекте асырап алуына мүмкіндік береді.

-Облыста балаларды асырап алушылардың оларды кері қайтаруы өте сирек кездеседі. Соңғы жеті жылда осындай 3 жағдай тіркелді. Соның бірі былтыр орын алды. Жалпы қазіргі уақытта 18 жасқа дейінгі 121 бала асырап алушылардың қолында. Бала асырап алушыларға 75 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем жүргізіледі. Халқымыз «жетімнің  басынан сипа, жүрегің жұмсарады» деген тәмсілді ұстанымдарының бірі санаған.  Асырап алынған балалардың барлығының әлеуметтік жағдайы көңіл қуантады, — дейді  маман.

Баланы асырап алу тәртібі регламенттелген. Сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі деп таныған адамдар, ата-ана құқығынан айырылған немесе тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдар, дәстүрлi емес жыныстық бағдар ұстанатын, соттылығы бар, азаматтығы жоқ, табысы жеткіліксіз,  наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұрған адамдар бала асырап ала алмайды.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz