«Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, желтоқсанның мұзға жаққан алауы.
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің,
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы», – деп жырлаған белгілі ақын Мұхтар Шахановтың өлеңі бойдағы ұлттық намысты оятып, ерекше жігер беретін жыр шумақтары 1986 жылғы әйгілі Желтоқсан көтерілісінің мән-маңызын ұқтырып тұрғандай сезіледі.
Осы орайда сол кезеңдегі қызыл саясаттың құрбаны, жерлесіміз Нұржан Қалиасқаров атындағы «Желтоқсан» қоғамдық қорының Мәскеудің әміршіл-әкімшіл жүйесіне табанды қарсылық көрсетіп, ұлттық ұстанымдарын ашық білдірген қазақ ұл-қыздарының, оның ішінде солтүстікқазақстандық өрендердің ерен ерліктерін жүйелі түрде насихаттап келе жатқанын айта кеткен абзал. Биыл қордың ұсынысымен 7-17 желтоқсан аралығында қыршынынан қиылған боздақтарды еске алу онкүндігі жарияланып, білім ошақтары мен мекемелерде «дөңгелек үстелдер», тақырыптық кездесулер, сұрақ-жауап кештері ұйымдастырылды.
Желтоқсан оқиғасы кезіндегі қуғын-сүргіннен зардап шегкен Боташ Қажымов, куәгері Бағдат Мұқанова, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің өңірдегі тілшісі Жақсыбай Самрат, тіл жанашыры, жеке кәсіпкер Руслан Қайырбеков, қоғамдық қордың төрағасы Өмір Есқали Қожаберген жырау атындағы №6 мектепте өткен «дөңгелек үстелге» қатысып, естеліктермен бөлісіп, сұрақтарға жауап берді. Жоғарғы сынып оқушылары «Бітеу жара» пьесасын сахналады.
С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрындағы еркін пікір алмасу өзгеше форматта ұйымдастырылды. Театр директоры Біржан Жалғасбаев Желтоқсан көтерілісіне 40 жыл толу қарсаңында театр актерларының қатысуымен сахналық қойылымдар қою туралы ұсыныс тастады. М. Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейінде өткен кездесуде бейнесюжеттер көрсетілді.
Волейболдан Нұржанды еске алу турнирі жылдағы дәстүр бойынша Абай атындағы қалалық қазақ гимназиясында осымен 27-ші рет өз жалауын желбіретті. 7 мектеп пен 8 ұйым арасындағы спорттық жарыс тартысқа толы болып, нәтижесінде облыстық полиция департаментіне қарасты жылдам қимылдайтын арнайы жасақ командасы жеңістің ең биік тұғырына көтеріліп, ауыспалы кубок пен 100 мың теңге сыйақы тапсырылды. Екінші, үшінші орындарды Абай атындағы қалалық қазақ гимназиясы (70.000 т.) мен «Сұңқар» (50.000 т.) командалары бөлісті. «Жеңіске деген ерен құштарлығы үшін» сый-сияпатына (30.000 т./ облыстық спорт мектеп-интернатының балғын спортшылары ие болды. Диана Советқызы, Серік Темірбаев, Думан Мәкен үздік ойыншы деп танылып, арнайы марапат көрсетілді. Бас төреші Берік Исеков пен спорт кешенінің меңгерушісі Әсет Әбілмәжіновке ақшалай сертификат берілді.
Алаш арыстары Мағжан Жұмабаев пен Смағұл Сәдуақасовтың ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылып, Желтоқсан құрбандарының рухына тағзым етілді, құран бағышталды.
Диас АЯҒАН