Солтүстік Қазақстан облысында «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК филиалында мектеп оқушылары үшін Ашық есік күні өтті. Іс-шара оқушыларды жол саласына тарту, инженерлік және техникалық мамандықтарға қызықтыру, сондай-ақ жол-құрылыс материалдарын сараптау саласындағы жұмыстармен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды.
Қазақстанның инфрақұрылымдық дамуы жол құрылысы саласындағы жоғары білікті мамандарға тікелей байланысты. Қазіргі таңда бұл салада кадр тапшылығы айқын сезіледі. Осыған байланысты филиал оқушылар арасында кәсіби бағдар беру жұмысын күшейтіп, жол саласына деген қызығушылықты арттыру мақсатында мектептерде кездесулер, экскурсиялар және Ашық есік күндерін тұрақты өткізуді жолға қойған.
Экскурсия барысында оқушылар жол құрылысы материалдарының сапасын зертханалық жағдайда қалай тексеретінін көріп, оның ішінде асфальт-бетонның беріктігін анықтау тәсілдерімен танысты. Сондай-ақ, олар жылжымалы зертхананың жұмысын көріп, жол сапасын бақылаудың заманауи әдістерімен танысты.
-Біз жастарға жол саласындағы мамандықтардың маңыздылығы мен мүмкіндіктерін көрсетуге тырысамыз. Мұндай іс-шаралар оқушылардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға ықпал етіп, еліміздің инфрақұрылымын дамытатын жаңа буын өкілдерін дайындауға мүмкіндік береді, – деді филиал директоры Жолдыбай Тентеков іс-шараның маңыздылығы жайында.
Орталық алдағы уақытта да кәсіби бағдар беру жұмыстарын жалғастырмақшы.