Балалардың қауіпсіздігі үшін Петропавлда пилоттық жоба қолға алынды. Жасанды интеллекті бар бейнекамералар буллинг белгілерін бірден анықтайды.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, пилоттық жобаға бірінші болып Петропавлдағы Ә.Бөкейханов атындағы №25 жалпы білім беретін орта мектепте қосылды. Қазір білім ордасында осындай сегіз камера жұмыс істеп тұр.
— Биыл қараша айының соңында біздің мектептегі бейнекамераларға «Protector AI» жүйесі қосылды. Оның ерекшелігі – балалар арасындағы қақтығысты бірден анықтайды. Небәрі 8 секунд ішінде жазба жүйені жасаушылар және мектеп директорлары отырған «Telegram» каналға түседі. Сол сәттен бастап психологиялық қызмет мамандары — біз мән-жайды анықтауға кірісеміз, балаларды, сынып жетекшілерін шақырып, бұл оқушылардың арасындағы ойын ба, әлде агрессия, күш көрсетіп қорлау ма екенін білеміз, — дейді мектептің әлеуметтік педагогы Бағлан Жақыпова.
Бір айдың ішінде осы жүйе арқылы «Telegram» каналға бірнеше бейнежазба келіп түскен. Тексере келе, буллинг фактісі расталмады.
— Бұл жүйе мектептерге керек, өйткені сынып жетекшілері, ұстаздар кейде оқушылар арасындағы кикілжіңді көрмей қалуы мүмкін. Ал бұл жасанды интеллект бар бейнекамералар тәулік бойы жұмыс істейді. Сондықтан балалар бір сәт қараусыз қалмайды. Қандай да бір жағдай болып қалса біз дер кезінде көріп, мәселенің алдын аламыз, — дейді Бағлан Жақыпова.
Қауіпсіздік жүйесін елордалық компания ұсынған. Ел бойынша біздің өңірде тәжірибеден өтіп жатыр.
— Бұл жүйені енгізу әр мектептің өз еркінде. Қазір мектептерге оқушы санына байланысты қаржыландыру беріледі, яғни қорлары бар. Сол қордан ақшаны бөліп, бұл жүйені сатып алады. Нәтижесі мектеп директорларының жиынында көрсетілді. Бірқатары 2025 жылдан бастап өз мектептеріне қоятын болды, — дейді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.