БАПКЕР БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕС

Авторы: Qyzyljar News

          Әрбір чемпионның, әрбір спортшының жетістігінің артында білікті жаттықтырушының қажырлы еңбегі жатыр. Спортшы мен бапкер арасын ерекше күш жалғап тұрады. Солтүстікқазақстандық боксшы Наталья Богданова Тайландта өткен бокстан Азия чемпионатында жеңімпаз атанғанын бұған дейін жазған болатынбыз. Оның биік белесті бағындыруына себепкер болған жан – бапкері Дастан Қабденов

Дастан Бауыржанұлы Есіл ауданы, Жаңалық ауылының тумасы. 10 сыныпта облыс орталығына оқуға келіп, бокспен шұғылдана бастаған. Жоғары оқу орнын тамамдағаннан кейін бапкер болып жұмыс істейді. Бастапқы кезде өзі де спортшы ретінде түрлі жарыстраға қатысып жүреді. Алайда балалармен жұмысқа көп күш  жұмсағандықтан, әрі уақыт тапшылығына байланысты 2009 жылы толықтай бапкерлікке ауысқан.

– Алғашында тек ұлдарды жаттықтырдым. Шәкірттерім жақсы нәтиже көрсете бастады. Бокстан республика чемпиондары, жүлдегерлері, финалистері шықты. 2017-2018 жылдары Александр Винокуров атындағы спорт сарайына бапкер болып орналастым. Бүгінде «Барыс» спорт клубындамын, – дейді бапкер.

Ол жерде бокс, кикбокс бойынша жаттығулар өтеді. Қарамағында 70-ке жуық бала жаттығады. Секцияға 8-10 жастан бастап қабылданады. 16 жасқа дейінгі балаларға жаттығулар тегін. Ал ересектер ақысын төлейді. Дастан Бауыржанұлының Асан Асқарбеков, Уалихан Темірбаев, Никита Жиров, Амир Молдыбаев сынды көмекшілері бар.

– Жарысқа қатысам, боксшы боламын деушілерге, не болмаса өз жеке басының қауіпсіздігі үшін жаттығамын деушілерге есік әрдайым ашық. Барлығын нөлден бастап үйретеміз. Клубта Наталья Богдановадан басқа да беткеұстар спортшылар баршылық. Мәселен, кикбокстан ерлер арасында ұлттық құрама командның бірінші нөмірлі спортшысы, үш дүркін әлем кубогінің жеңімпазы Аслан Асылбеков, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, әлем кубогінің жеңімпазы Данияр Жарасов, жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері Владислав Черенщиков менің қарамағымда жаттығады, – дейді Дастан Қабденов.

Азия чемпионы Наталья Богданованы 2019 жылдан бастап жаттықтырып келеді. Бұрымды спортшы бұған дейін К.Сафин атындағы бокс мектебінде кикбокспен шұғылданған. Жастайынан жеңіл атлетикамен, армрестлингпен айналысқан екен.

– Маған жаттығуға келгенде физикалық көрсеткіштері жақсы болды. Мінезі де сабырлы, тиянақты әрі айтқанды бірден қағып алатын. Қыз бала болғандықтан өзін-өзі қорғау үшін жаттығып жүрген шығар деп ойладым. Алайда ол болашақта шеберлігін шыңдағысы келетінін, үлкен жетістіктерге жетуді қалайтынын  айтты. Содан бастап ұлдармен бірге кикбокстан жарыстарға даярлай бастадым, – дейді бапкер.

Наталья содан бері жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанып, әлем кубогін жеңіп алды, кикбокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Алайда 2-3 жылдан кейін боксқа ауысуды ұйғарады.

– Бірінші рет бокстан Шымкент қаласында өткен Қазақстан чемпионатында ұтылып қалды. Ол үлкен сабақ болып, қателіктерімен жұмыс істедік. 2021 жылы Щучинск қаласында өткен ел біріншілігінде жүлдегер атанды. Осылайша, бокстан Қазақстан құрама командасына ілікті. Қазіргі кезде құраманың бірінші нөмірлі спортшысы. Оқу-жаттығу жиындары мен жарыстардың ешқайсысынан қалдырды, –дейді Дастан Бауыржанұлы.

Бүгінгі таңда Наталья Богданова бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бірнеше жаһандық турнирде топ жарды. «Elorda Cup»-тың 2 мәрте чемпионы, Германияда өткен әлем кубогінің, Қырғызстада өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы, Азия ойындарының қола жүлдегері. Жақында Азия чемпионы атанып, жанкүйерлерді бір қуантты. Құрлықтық дода Тайландтың Чиангмай қаласында 30 қараша мен 11 желтоқсан аралығында өткені белгілі. Наталья 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Жартылай финалда украиналық спортшы Анастасия Черноколенконы айқын басымдықпен жеңіп, финалға жолдама алды. Алтын медаль үшін өткен соңғы кездесуде жергілікті спортшы Байсон Маниконмен рингке шықты.

– Тайландтық боксшы өте тәжірибелі. Франция, Токиода өткен Олимпиадалардың қатысушысы. Бұрын 75 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін. Осы жолы 70 келіде бағын сынамады. Егер алғашқы раундта осалдық танытсақ, әрі қарай жағдай ушыға түсетінін білдік. Сондықтан жекпе-жек тізгінін бірден қолға алдық, – дейді бапкер.

Әр спортшы мен оның бапкерінің арманы – Олимпиада ойындарында жүлде иелену. Ол үшін ұзақ жыл бойы үздіксіз дайындалып, тынымсыз тер төгу қажет. Наталья Богданова да үстіміздегі жылы Олимпиадаға қатысуды мақсат еткен. Өкінішке қарай, лицензия ала алмады. «Енді 2028 жылы өтетін Оолимпиадаға қатысу үшін барымызды салатын боламыз», – дейді Дастан Бауыржанұлы.

Бапкердің айтуынша, спортта жетістікке жету үшін уақыт, шыдамдылық, қажырлы еңбек қажет. Одан бөлек жеңіске деген ұмтылыссыз болмайды. Бір рет жолы болмаса, сағы сынбай, керісінше сәтсіздіктен сабақ алып, қателіктермен жұмыс істеген спортшы міндетті түрде биік белестерді бағындырады.

Рабиға ЕРАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz