БАТЫРЛАР АЛЛЕЯСЫ АШЫЛМАҚ

Авторы: Qyzyljar News

         Мамлют ауданындағы Меңгесер көлінің маңында батырлар аллеясы ашылмақ. Суының құрамы жөнінен теңдессіз көлге түсуге келушілер болашақта қазақ батырларының ерлік істерімен танысып, тарихқа терең бойлайтын болады. Жақында бұл жерге жоңғарлармен соғыста көзсіз ерлігімен көзге түскен Айтпай батырға арналған ескерткіш тас қойылды.

Айтпай Дүйсенбіұлы – ХVIII ғасырда өмір сүрген, елін ентелеген жаудан қорғауда ерен ерлігімен көзге түскен баһадүр. Қаруластары Бек­сейіт, Сарман батырлармен бірге түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмей шайқасқан. Меңгесер көлінің маңында мәңгілік ты­ныстап жатыр. Ұрпақтары негізінен Мамлют ауданының Бексейіт, Бостандық ауылда­рында шоғырланған.

«Асыл мұра» ғылыми-зерт­теу орталығының бастамасы­мен және батырдың ұрпақта­рының қолдауымен Айтпай батыр жайлы шежіре-кітап жарық көріп, ескерткіш тас қойылды. Өлкетанушы Дәстен Баймұқанов бұл жерге Бек­сейіт, Сарман және басқа ба­тырларға да белгі орнатып, батырлар аллеясын ашу идея­сы сұранып тұрғанын айтты. Ұсыныс бірден қолдау тапты, егін шаруашылығымен айна­лысатын белгілі кәсіпкер, Айт­пай батырдың ұрпағы Зәбкен Шаяхин бұл жұмысты мойны­на алып отыр.

-Жаз айларында Меңгесер көлінің шипалы суына түсу үшін еліміздің түкпір-түкпірі­нен, көрші елдерден мыңда­ған адам келеді. «Мәмбетов және К» серіктестігі жағажай­ды абаттандырып, жарық тартты, демалушыларға арнап киіз үйлер тігеді. Саяхатшы­лар қол созым жерде тұрған батырлар аллеясына қызық­тап барар еді. Осылайша тари­хымызды танытуға, батырлар­дың ерлік істерін ел арасында насихаттауға мүмкіндік туа­ды, – дейді ардагер-ұстаз Қа­рақат Шалабаев.

Соңғы кездері ұмыт қал­ған қазақ батырларының есімдері қайтадан жаңғыра бастағаны анық. Бастарына кесене соғылып, белгітас қо­йылуда. Кітаптар да шығып жатыр. Бәзбіреулер осыны ар­тық көріп, қаптаған батыр­ларды қайдан алдыңдар деп жүр. Екінші дүниежүзілік со­ғысқа қатысқан 20 мыңға жуық қазақстандықтың кеу­десіне ерлік көрсеткені үшін әртүрлі орден-медаль тағыл­ған. 500-дей адам Кеңес Ода­ғының Батыры атанған, со­ның 55-і теріскейдің тумала­ры. Бұл – бір соғыстағы ба­тырлар. Ал қазақтың арғы- бергі тарихында талай қан­төгіс болды ғой. Батырды за­маны тудырады. Демек осы­нау кең-байтақ жерді ақ бі­лектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалғандардың саны әлдеқайда көп. Оларды дәйекті зерттеу, тарих сахна­сына шығару – уақыт еншісін­дегі іс.

Бостандық ауылындағы мектеп қабырғасында өткен кездесуде тарих ғылымдары­ның кандидады, доцент Зы­лиха Бимақанова қазақ жерін отарлау саясаты, бекіністер салу, оған қарсы көтерілістер жайлы баяндама жасады. Жиында сөз сөйлеген өзге азаматтар Айтпай батырдың ерліктерін әңгімелеріне арқау етіп, имам марқұмның рухы­на құран бағыштады.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz