Қоғам қайраткері Мидхат Сүтішевтің құрметіне С.М.Киров атындағы зауыттың қасбетіне мемориалдық тақта орнатылды. Салтанатты ашылуында сөз сөйлеген кәсіп- орынның бас директоры Алмас Нұрмағамбетов ұжымда қалыптасқан дәстүрлердің абыроймен жалғаса беретінін атап өтті.
Абзал азаматтың немересі Светлана Дмитриева, зауыттың бұрынғы басшысы Марат Әбілмәжінов, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Иманғали Тәттібаев жылы лебіздерін білдірді.
Қызылжар өңірінде артына өшпес із қалдыра білген айтулы азаматтар аз емес. Солардың бірі– Мидхат Сүтішев. Ол еңбек жолын Киров атындағы зауытта қатардағы жұмысшыдан бастайды. Фрезерлеуші- жөндеуші, инженер, цех бастығы, директордың орынбасары баспалдақтарынан өтіп, 1961 жылы зауыт директоры қызметіне тағайындалады. Ұйымдастырушылық қарым- қабілетінің арқасында шын мәніндегі шығармашылық ұжым қалыптастыра білді. Қажымас қайратымен, мұқалмас жігерімен, риясыз пейілімен қала, облыс жұртшылығы арасында зор бедел мен құрметке ие болды. Ұзақ жылғы мінсіз қызметі үшін әртүрлі дәрежедегі мемлекеттік наградалармен марапатталды, Петропавл қаласының құрметті азаматы атанды.
Мидхат Усманович кәсіпорын жұмысымен шектеліп қалмай, «Жданов», «Булаев» кеңшарларын аяғынан тік тұрғызды. Жерлес жазушы Ғабит Мүсіреповтің өтініші бойынша оның туған ауылына көмек көрсетті.
Білікті басшы он жылдан астам қаланың ірі конверсиялық кәсіп- орындарының директорлар кеңесіне жетекшілік етіп, өнеркәсіп, құрылыс, абаттандыру, мәдениет салаларына қатысты өзекті мәселелердің шешілуіне тікелей атсалысты. Мәселен, сол уақытта Погодин атындағы облыстық орыс драма театры, стадиондар мен спорт кешендері, мектептер, ауруханалар, балабақшалар, басқа да маңызды әлеуметтік-мәдени нысандар тұрғызылды.
Ринат ШАМШУТДИНОВ