АҒАЙЫН АУЫЛДАН КЕТУГЕ МӘЖБҮР

Қазақстанның ең құнарлы жерлеріне кім иелік етеді?

Авторы: Qyzyljar News

       Еліміздің солтүстік шекарасында орналасқан біздің облысымыздағы бірнеше елді мекендердің құрып бара  жатқан мәселесі көптеген жылдар бойы өзінің өткірлігін жоймай отыр. Жуырда өткен облыстық қоғамдық кеңестің отырысында алаңдатарлық дерек келтірілді. 2000-2019 жылдары аралығында  Қызылжар өңірінде 139 ауыл жер бетінен мүлдем жойылып кеткен екен.

       Бұқаралық ақпарат құралдарында көңілге кірбің түсіретін ақпараттар желдей есіп жатыр. Оған сенсек, Солтүстік Қазақстан облысының қырық бес ауылы таратылатын елді мекендер тізіміне енгізіліпті. Оған қазір түтін түтетіп отырған өңіріміздің аумағындағы  алты жүз отыз бес ауылдың тағы бір жүз қырқының болашағы жоқ елді мекендердің қатарына жатқызылғанын қосып қойыңыз.  Егер бұл болжам шындыққа айналса, облысымыздың картасынан осыншама елді мекеннің атауы мүлдем жойылатын күн алыс емес сияқты.

Бір кездері мызғымастай болып саналатын  КСРО ыдырап тынған соң Қазақстанның аграрлық секторы салдары көп болған терең тоқырауды басынан кешірді. Оған ондаған жылдар бойы елдер арасындағы жақсы дамып келе жатқан экономикалық байланыстардың үзілуі, етке, сүтке, астыққа және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныстың   азаюы,  аграршылардың еңбегінің нәтижесіне бағаның күрт құлдырауы өзінің әсерін тигізбей қоймады. Алайда соған қарамастан ауыл шаруашылығы техникалары мен қондырғыларының, олардың қосалқы бөлшектерінің, сонымен қатар жанар-жағармай материалдарының құны ешқандай негізсіз өсіп жатты, бұл бағаның диспаритетіне әкеліп соқтырды. Осындай жәйттердің салдарынан ауыл шаруашылығы өндірісі өзін-өзі ақтамайтын сала болып шыға келді.

Облыстағы кеңшарлар мен ұжымшарлар бірінен соң бірі шығынға батып және ыдырап жатты, ол өз кезегінде ауылдарда жаппай жұмыссыздықтың белең алуына әкеліп соқтырды. Осындай және басқа да себептердің салдарынан кеңес заманындағы таратылған және  банкрот болған шаруашылықтардың базасындағы жерлерде өз жұмысын бастаған жекеменшік фермерлердің алдыңғы толқынының да жұмысы алға баса қойған жоқ. Бүгіндері бір кездері болған мықты шаруашылықтардың, ауылдардың орындарында үңірейіп үйлердің орындары, быт-шытын шығарып бұзып алынған фермалардың, машина-трактор шеберханалары мен басқа да нысандардың қаңқалары ғана қалған. Иә, бір қорқынышты фильмнің көрінісі іспетті …

-Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында  Солтүстік Қазақстан облысының аумағында, ауылдық жерде, алты жүз мыңға жуық адам тұрса, бүгінгі статистикалық деректерге сәйкес ауыл тұрғындарының саны 266 мың  ғана екен. Бұл біздің өңірдегі елді мекендердегі адамдар санының осы уақыт ішінде екі еседен астам қысқарғанын көрсетеді, — дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Аймағамбет Барлыбаев. Ол өзінің барлық саналы ғұмырын ауылда еңбек етуге арнаған жан. Зейнет жасына жеткенше Солтүстік Қазақстан мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қабырғасында  аграрлық ғылыммен айналысқан. – Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ауыл шаруашылығы саласын дағдарыстан алып шығу үшін шұғыл және кең ауқымды шаралар қабылдаудың орнына биліктегілер Қазақстанды урбанизациялау бағытын таңдап алды. Олар өздерінің бұл қадамдарын ауылдағы адамдарды көшіру есебінен республиканың қалаларындағы өнеркәсіп кәсіпорындары мен басқа да салаларды еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген іс-шаралар деп ақтауға тырысты. Естеріңізде болар, ірі және орташа  ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жаппай құлдырауы мен жабылуын ақтағандай сол жылдары «Фермер елді асырайды!» деген жалған ұран пайда болды ғой. Алайда, түптің түбінде  «партияның саясатына» құлақ аспаған, бұрынғы кеңшарлар мен ұжымшарлардың базасында құрылған құрылымдар ауыл шаруашылығы өндірісін сақтап қалды. Ал әлі де жермен жұмыс істеп жатқан шағын фермерлік және шаруа қожалықтарының тапқаны қапқанына жетпей жатыр…

Аймағамбет Барлыбаевтың пайымдауынша, сол кездері ауыл шаруашылығы саласының орын алған терең  дағдарысынан алып шығу ең алдымен жіберілген стратегиялық қателіктердің салдары ондаған жылдарға жалғасты. Қазірдің өзінде аграрлық саясатта  кереғарлықтар орын алып  жатыр. Егер ауыл шаруашылығы саласын реформалау басталған тұста фермерлерге басымдық берілсе, енді  мемлекеттік деңгейде  ірі және орташа агроқұрылымдар қолдауға ие болуда. Қазір ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің осы санаттарына әртүрлі деңгейде және бағдарламаларда қаржылар бөлініп жатыр. Ал шағын фермерлерге, жеке қосалқы шаруашылықтарға ешкім назар аударып жатқан жоқ деп айтуға болады.

-Бұл   түп тамырымен  қате ұғым,- деп есептейді Аймағамбет Сабырұлы. – Өйткені қалалықтардың үстеліне жеткізілетін ет және сүт өнімдерінің басым бөлігі қарапайым ауылдықтардың қосалқы шаруашылығынан жеткізілетінін естен шығармаған абзал. Ауылдарда тұратын адамдар барлық еттің  67 пайызы мен сүттің 75 пайызын өндіреді. Яғни, қатардағы ауыл тұрғындары еліміздегі азық-түлік молшылығына өз үлестерін қосып жатыр. Бұл жерде мына мәселені естен шығармаған жөн. Ауылдықтар сүт пен етті  өндіруден шекесі шылқып табыс тауып жатқан жоқ. Қазір малды бағу да, оның жемшөбі де жыл сайын қымбаттап жатыр. Оған кеткен шығын малды сатудан түскен табысты көбінесе жаба бермейді. Меніңше, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсету мәселесінде  ауылдағы жеке үйінде мал өсіретіндердің де мүддесін қолдау қажет. Өздері өндірген сүтті, сүт өнімдерін, еттерін саудалайтын ауылдықтарға да демеуқаржы қарастырылуы тиіс. Мен әртүрлі деңгейлерде осындай қарапайым ауылдықтардың  қорасындағы малдарын жемшөппен қамтамасыз ету, осы мақсатта   арнайы жемшөп дайындайтын кәсіпорын, тіпті болмаса бригада ұйымдастыру мәселесін жиі көтеріп жүрмін. Өкінішке орай, оны еститін құлақ жоқ, ешкім оған бас қатырып жатқан жоқ.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті микробиология және биотехнология кафедрасының меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының кандидаты Айнагүл Бегенова өзінің әріптесі Аймағамбет Барлыбаевтың айтқан пікірлерімен келіседі. Ол өзінің туған жері Айыртау ауданының  Карасевка ауылындағы сиыр табыны үшін әр төрт жыл сайын асыл тұқымды бұқаны ауыстыру қажет екендігін алға тартады. Өйткені осы уақыттан кейін бір бұқадан тараған малдар бір-бірімен шағылысып, табынның қан тазалығына кері әсер етуі ықтимал.

— Асыл тұқымды бұқа арзан тұрмайды. Бұл мәселеге ауыл әкімінен бастап ешкім бас қатырып жатқан жоқ. Сондықтан әр төрт жыл сайын мен ауылда тұратын ініме асыл тұқымды  бұқа сатып алу үшін қаржылық қолдау көрсетемін. Сөйтіп біз  ақшаларымызды ортаға салып, ауылдың табынына асыл тұқымды бұқа сатып алуға мәжбүрміз,- дейді Айнагүл Бегенова.

Қалада тұратын адамдарға бұл мәселе түсініксіз болуы мүмкін. Егер тайыншаларды тиісті түрде асыл тұқымды бұқа ұрықтандырмаса, онда оның төлі де сапасыз әрі әлжуаз болып туады.

Астаналық ғалым қазір көптеген ауылдарда агроном да, зоотехник те, ветеринар да тапшы екендігіне алаңдайды. Ауылдық жерлерге аса қажет тапшы мамандардың тізімін одан әрі жалғастыруға болады. Еліміздегі жоғары оқу орындарының қабырғасында  ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттердің жартысынан астамы қала жастары болып табылады. Ертең олар қолына қолақпандай диплом алған соң ауылға жұмыс істеуге барады дегенге кім сенеді.

-Біздің ауыл шаруашылығы саласының басына түскен дағдарыс аграрлық ғылымды тұралатып тастады, — дейді бұл жөнінде Аймағамбет Барлыбаев. Оған ол өзі еңбек еткен ұжымның мысалын келтіреді. Қызылжар ауданының Бескөл ауылында орналасқан кәсіпорын кеңес өкіметі кезінде Целинный мал шаруашылығы институты болып құрылған, кейін ол Солтүстік мал шаруашылығы  ғылыми-зерттеу институты болып қайта құрылған, онда сол кездері үш жүздей қызметкерлер мен қырыққа жуық ғылым кандидаттары жұмыс істеген. Қазіргі ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында санаулы қызметкерлер мен төрт ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты қалған. Бұл қордаланған  біраз мәселені аңғартса керек. Ғалым аграрлық ғылымды дамытуды қолға алмай ауыл шаруашылығын тиімді қайта қалпына келтіру мен жүргізу мүмкін емес екендігін алға тартады.

 

-Біздің жерлестеріміздің туған ауылын тастап, жақсы өмірді басқа жақтан іздеуінің үш себебі бар деп ойлаймын,- дейді «Ауыл» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалыныың төрағасы, кезінде бірнеше ауданның әкімі болған Қайрат Пішембаев. – Оларды саусақпен санасам мыналар: біріншісі– жұмыссыздық,    екіншісі – сапалы ауызсудың жоқтығы және тапшылығы, ал үшіншісі – ауылдарға қатынаудың қиындығы, өйткені  оларға апаратын жолдар ешқандай сынды көтермейді.   Бұл проблемаларға білікті медицина қызметкерлерінің, педагогтердің, ауыл шаруашылығы өндірісі мамандарының тапшылығын қосып қойсаңыз, мәселе түсінікті болады. Қазір ауылдардан кіндік қаны тамған, онда бала кезінен тұрып келген, туған жерінде еңбек еткен  қарттар да көшіп жатқаны шындық қой. Олар осылай істеуге мәжбүр болып отыр. Өйткені ауырып қалса,  оларды емдейтін медицина қызметкері тұрған жерінде жоқ. Кейбір ауыл әкімлерінің бұл мәселелерді шешуде дәрменсіздік танытып отырғаны сөзсіз. Олар өздері әкім болып тұрған елді мекендердің нақты дамуының бағдарламаларын жасап, оны жүзеге асыруы қажет.

Қайрат Пішембаевтың сөзінше, болашағы жоқ деп айдар тағып қою арқылы  Солтүстік Қазақстан облысының картасынан ауылдардың одан әрі жойылуына жол бермеу керек. Өйткені бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне келіп тіреледі. Мемлекет пен ұлт өзінің тұрақты және кепілді дамуы үшін бірінші кезекте демографияға қатысты барлық мәселелерді тиімді шешуі тиіс, яғни бала туу үшін қажетті жағдайлар мен ынталандыру  болуы қажет. Әлмисақтан балалардың басым бөлігі ауылдарда дүние есігін ашатыны дәлелдеуді қажет етпейтін шындық қой. Егер ауылдар құрыса, онда ұлттың да болашағы бұлыңғыр.

Оған Еуропа елдерінде қалыптасқан ахуал дәлел бола алады. Олар бүгіндері өздерінің экономикалық проблемаларын эмигранттар есебінен шешуге мәжбүр болуда, өйткені жергілікті тұрғындар арасында бала туу көрсеткіші төмендеп кеткен. Қазір Қазақстан халқының саны жиырма миллионнан асты. Бірақ еліміздің солтүстік өңірлерінде байқалып отырған демографиялық дағдарыс ертең жалпыұлттық ауқымдағы проблемаға айналмасына кім кепіл? Бұл ойланарлық жағадай емпс пе?..

-Біздің кең байтақ еліміздің ең құнарлы жерлерінде мекен ететін Қазақстанның солтүстігіндегі ауыл тұрғындарының (олардың біразы шекара аймағында орналасқан) саны осындай қарқынмен азая берсе, мәселенің ушығары сөзсіз. Онда біз еліміздің солтүстіктегі шекара қауіпсіздігін қалай сақтаймыз әрі  түптің түбінде бұл жерлерге кім иелік етеді?- дейді Қайрат Пішембаев.

Осы жерде тағы бір күрделі мәселе туындайды – еліміздің азық-түдік қауіпсізлігі, яғни тұрғындарды отандық өндірістің  сапалы тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету. Қазақстан осы күнге дейін астық, сүт, ет өндіру бойынша өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы деңгейге жеткен жоқ.  Сол жылдары республика бойынша тұтастай алғанда бір миллион тоннадан астам ет өндірілетін, қазір бұл көрсеткіш 605 мың тонна. Ал жылына алты миллион тонна сүт сауылса, қазір 1 миллион 600 мың тонна. Биыл жиналған 26 миллион тонна астықты рекорд деп жар салып жатырмыз. Ал сексенінші  жылдардың соңында және тоқсаныншы жылдардың басында Отан қоймасына 30 миллион астық түсетін. Қазақстан үшін қолайлы, экономикалық дағдарыс жылдарына дейін еліміз үш жүз мың тоннадан астам етті экспортқа шығаратын. Бүгіндері ет бойынша Қазақстанның  экспорттық әлеуеті талапқа сай емес. Қазір Қызылжар өңірінің құнарлы жерлерінде өсірілген етпен, көкөніспен Алматы түгіл тұтыну нарығы жылдам өсіп жатқан елорданы қамтамасыз ете алмай отырмыз. Ол үшін ауыл шаруашылығын қайта жандандыруға күш салуымыз керек.

Мен әңгімеге тартқан ғалымдар ең жоғары мемлекеттік деңгейде аграрлық секторды дамыту, жұмыс күші көп оңтүстік аймақтардан халқы аз солтүстікке көші-қон, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларға мамандар даярлау, оның ішінде «Серпін» бағдарламаларын қайта қарау деген пікірде екендіктерін білдірді. Бұл мәселелердің өте өзекті  және қажетті екендігіне ешкім шүбә келтірмейді. «Ауыл» партиясының өкілдері  мамандандырылған мемлекеттік «Агробактің» ашылыуын өзекті мәселелердің бірі деп санайды.

Әзірге бірнеше жылдар ішінде әртүрлі деңгейде көтеріліп жүрген бұл мәселелердің нақты шешімі табылған жоқ. Әлі де жерлестеріміз жақсы өмір сүру үшін туған ауылдарын тастап кетуге мәжбүр болып отыр.     

Марат ШЫНТЕМІРОВ

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz