Петропавл қаласындағы мектептің 2-ші сынып оқушысы Айсана Жоламанова алоэден тері күтіміне арналған жеті түрлі өнім жасап шығарды. Айсана жасап шығарған косметика қолда бар өнімдерден жасалған. Мәселен, бетке арналған маска жасау үшін косметикалық саз, алоэ және лимон шырынын қолданған. Қазір өнімдерінің ішінде үш түрлі маска, сабын, скраб және ваннада суға түсуге арналған қоспалар бар.
Айсана Жоламанова Мағжан Жұмабаев атындағы ІТ-мектеп-лицейде оқиды. Ұстазы Светлана Исқақованың сөзінше, үздік оқушыларының бірі.
— Алоэ және оның емдік қасиеті» тақырыбындағы жобаны осы жылдың басында қолға алдық. Айсанадан өзін қандай тақырып қызықтыратын сұрағанда, анасы бет күтіміне көп көңіл бөледі және қымбат косметика өнімдерін қолданатынын айтты. Ол қолда бар материалдардан анасына косметика өнімін жасауды армандаған. Ақылдаса келе, осы тақырыпты алдық. Бұл жобамен республикалық «Зерде» зерттеушілер сайысының қалалық кезеңіне қатысып, жүлделі 2-орынды иеленді, — дейді педагог-зерттеуші Светлана Исқақова. Бүлдіршінге арманын жүзеге асыруға ұстазынан бөлек, анасы да көмектескен. — Айсананың жасы әлі жетіде ғана болған соң оған, әрине ересектердің көмегі, бағыт-бағдары қажет. Өнімдерді жасамас бұрын сауалнама жүргіздік. Сол сауалнама нәтижесін саралай отырып, осы косметикалық өнімдер пайда болды. Сауалнамаға қатысқандар алоэ өсімдігінің пайдасы көп екенін білгенімен, іс жүзінде оны қолдана алмайтын болып шықты. Косметолог мамандармен де осы алоэнің пайдасы туралы, тері түрлері және оның ерекшеліктері туралы ақыл-кеңес алды. Жасаған өнімдерінің тиімділігі бар деп ойлаймын. Себебі Айсана өнімдерін қазір туыстары, таныстары қолданады.
— Өңірге іссапармен келген Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова біздің мектептің жұмысын көрді, сол кезде Айсана өз өнімі туралы қысқаша таныстырып, сыйға тартты. Жалпы алда осы жобаны одан әрі жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Жасанды интеллектті де қолданғымыз келеді. Telegram каналды дамыту міндеті тұр және де осы өнімдерді апробациядан өткізіп, лицензия алуды мақсат еттік, — дейді Светлана Исқақова.