Оқушылар сарайында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың қатысуымен ел Президенті атынан ұйымдастырылған жаңажылдық шырша мерекесі өтті.
– Жаңа жылдық шыршаға қош келдіңіздер! Біз бәріміз осы әсем, жарқыраған шыршаның жанында жиналып, жаңа жылды қарсы алуға дайынбыз. Бұл қуаныш пен ғажайыптарға толы мереке барша балаларды келе жатқан жаңа жылмен құттықтаймын. Аман болыңыздар, бақытты болыңыздар! Еліміздің білімді азаматтары болыңыздар, өсіңіздер, — деді өз құттықтауында облыс әкімі.
Іс-шараға өңіріміздің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық озат оқушылар, олимпиада жүлдегерлері, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары, жетімдер мен ерекше қажеттіліктері бар балалар жиналды. Балалардың барлығы дәстүр бойынша шыршаға арнайы тігілген костюмдерін киіп келген. Олар үшін жарқын жаңажылдық қойылым дайындалып, әр балаға Мемлекет басшысы атынан планшет, кітап, тәтті сыйлықтар табысталды.
Мереке кішкентай балақайлардың көңілді “Жаңа жыл” атты мерекелік ән шашуымен, биімен басталды. Мың бұралған бишілер жиналған бүлдіршіндерге әсерлі хореографиялық нөмірлер ұсынды. Аққала мен Қар ханшайымы, тағы да басқа түрлі ертегі кейіпкерлері ортаға шығып театрландырылған қойылым көрсетті.
Қар ханшайымы Кайды Лапландияға ұрлап әкетіп, құрбысы Герда Каркарелла, Бүркіт, Ганс, қарақшы, бұғы, Күн ана достарымен бірге оны іздеуге кіріседі. Ұзақ, шытырманға толы саяхаттан кейін достары Кайды зұлым ханшайымның уысынан құтқарып алады. Кейін барлығы қосылып Аяз ата мен Ақшақарды шақырды. Олар ортаға шығып, балаларды Жаңа жылдарымен құттықтады. Бәрі асыға күткен Мерекелік шыршаның шамы жағылды.
Рабиға ЕРАЛЫ
Суретті түсірген Шыңғысхан БЕКМҰРАТ