ТУРИЗМНІҢ ТЫНЫСЫ АШЫЛАР КҮН АЛДА

Авторы: Qyzyljar News

        Қызылжар өңіріне  жұмыс сапарымен келген Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап  кітапханада тұрғындармен кездесті.

Вице-министр өз сөзінде Қазақстанның туризмді дамытудағы әлеуеті өте жоғары екенін, соңғы  жылдары туристік ағынның айтарлықтай өскенін атап өтті.

   -Жыл басынан бері елімізге туристік сапармен 11,5 млн адам келді. Бұл көрсеткіш, өткен жылға қарағанда, 2 есе көп. Биыл 306 жаңа қонақ үй тұрғызылды. Қазақстан  туризм бойынша 119 мемлекеттің ішінде 52-ші орында тұр. Екі жыл бұрын 66-шы орында болғанбыз. Мақсатымыз – 50 елдің қатарына кіру, –деді Ержан  Еркінбаев.

Қазақстан Bestin Trafel нұсқасы бойынша  саяхаттауға ең қолайлы елдердің тізіміне енген. Жалпы құны 1 трлн.теңгеден асатын 293 жоба іріктеліп алынған. Биыл іске асырылып жатқан 122 жобаға 120 млрд. теңге қарастырылған. Жол бойындағы қызмет көрсету сервисінің сапасы да жақсарып келеді.

Жиында жергілікті туризм саласын дамыту мәселелері талқыланып, инвестициялық әлеуетке ерекше назар аударылды. 525 млн теңгенің 5 жобасы қолға алынып,  инвестиция мөлшері 2 млрд теңгеге жуықтаған. 115 мың адам табиғаты тамылжыған көрікті жерлерді аралап, тарихи нысандарды тамашалаған.  Имантау-Шалқар курорттық аймағында 36 демалыс базасы жұмыс істейді. Келешекте тынығу орындарының санын арттыру белгіленіп отыр. Тұтастай алғанда, 9 млрд. теңгенің  21 жобасы игерілмек.

Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының бөлім меңгерушісі  Сабина Әмірова Айыртау ауданына мүмкіндігі шектеулі балаларды демалуға апарғанмен, толыққанды әлеуметтік жағдай жасалмағанын айта келіп, оның бір мысалына арнайы дәретханалардың орнатылмағанын жеткізді.

  -Сауал өте орынды. Біз қанша  жерден зәулім ғимараттар, қонақ үйлер салып, туризмді дамытамыз десек те, жолдар мен дәретханалар талаптағыдай болмаса, атқарылған жұмыстар желге ұшқанмен бірдей. Бұл мәселе  кейбіреулерге ұсақ-түйек көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, демалыс аймақтарын дамытуға үлкен кедергі келтіреді, – дей келіп,  Ержан  Еркінбаев көптеген туристік ғимараттар жаңартылып, жолдардың жөнделгенін,  енді демалыс орындарындағы дәретханаларды қалыпқа келтіру шаралары қарастырылып жатқанын айтты.

Туризм және спорт вице-министрі  облыс аумағында орналасқан бірқатар туристік және спорттық нысандарды аралап, жағдайымен танысты.

Өмір ЕСҚАЛИ

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz