Жыл сайын жылыту маусымында өрт оқиғалары жиі шығып жатады.
Кеше Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылындағы төрт пәтерлі тұрғын үйде өрт шықты. Болған өрт туралы хабар кеш түссе де өрт сөндірушілер оттың ошағын сөндіріп, көрші пәтерлерді оттан сақтап қалды. Өртті сөндіру барысында құтқарушылар пәтерлерден бес газ баллонын алып шықты. Өрт салдарынан зардап шегушілер болған жоқ.
Ал облыс орталығының жылдам тамақтану павильонындағы 10 шаршы метр аумақта өрт оқиғасы орын алып, ол дер кезінде сөндірілді.
Бүгін Петропавл қаласының К.Цеткин көшесіндегі жекеменшік үйдің 35 шаршы метр аумағында өрт болып, оны төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тез ауыздықтады. Өрттен 1952 жылы туған қария құтқарылды.
Сергеевка қаласындағы жекеменшік тұрғын үйдің отын жағатын жерінде қауіпсіздік ережесінің талаптарын сақтамау нәтижесінде өрт шығып, от жалыны үйдің шатырын шарпыған. Өрт сөндірушілердің жедел әрекет етуінің нәтижесінде от ошағы дер кезінде сөндірілді, олар ауыр зардапқа соқтырар газ баллонын өрттің ортасынан алып шықты.