Дәстүрлі қазақ қоғамында соғым сою – халқымыздың тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлігі. Қыстың суығында дастарқанның етке толы болуы – молшылық пен берекенің белгісі. «Ет жесең тісіңе кіреді, жемесең түсіңе кіреді» демекші, бүгінгі нарық заманында соғым бағасы да құбылып тұрған сыңайлы. Бұл орайда қаладағы сауда орындарында болып, еттің жайын білген едік.
Петропавл қаласындағы базарлар мен ет дүкендерінде соғым бағасы әртүрлі. Бағаның өсуіне бірқатар факторлар әсер етеді. Біріншіден, жем-шөп бағасының қымбаттауы. Мал шаруашылығындағы шығындардың артуы ет бағасының өсуіне тікелей ықпал етіп отыр. Екіншіден, жанармай мен логистика. Мал өнімдерін тасымалдау шығындары бағаны тұрақты ұстауға кедергі келтіреді. Үшіншіден, сұраныс пен ұсыныс. Сұраныс жоғары болған сайын, баға да өсе беретіні анық.
Шамамен бір жылқыны (тай, байтал) сатып алу құны орташа есеппен 500-700 мың теңге. Сондықтан кейбірі соғым сатумен айналысатын таныс-тамырды жағалап, арзанға алуды жөн көреді. Өйткені, дүкен мен базарда баға қымбат. Мәселен, «Еуразиялық», «Алтын арман» базарларында жылқы етінің келісі 3500-3800 теңге болса, «Горизонт», «Океан» сауда орталықтарында еттің келісі 3400-3700 теңге. Ал салыстырмалы түрде «Коммуналдық» базарда баға сәл төмен – 3300-3500 теңге тұрады. Бұл жоғарыда аталған базаралардағы тек қана еттің бағасы. Ал жал-жая, қазы-қарта, шұжық, жауырын бағасы – 3500-ден 4500 теңгеге дейін барады. Дүкендерде баға жоғары. «KazМясоПродукт» ЖШС, «Мясной мир» дүкенінде орташа баға 3800-3900 теңге, «Сарбаев және К» серіктестігінде 3800-4000 мың, «Максимальный Размах Corporation»-де еттің келісі 3900-4300 теңгеден саудалануда. Дүкендерде жая 4100, жауырын 3500, қазы 4000, шұжық 4900, кесек ет 3900 теңге.
Базардағы еттің бағасы сәл-пәл арзан болғанымен, кей жағдайда сапасы мен қызметі көңілден шыға бермейді. Қаладағы ет сататын саудар орындарын аралай келе, бір табақ ет шамамен 37 мың теңге тұратынын білдік. Сондықтан әркім көрпесіне қарай көсіледі. Кейбірі тұтас, енді бірі жіліктеп алады.
Соғым бағасына қатысты қала тұрғыны Қайырлы Базарбаевтың да айтары бар.
– Соғым – қысқы азық. Қазір нарық заманы. Баға да соған сәйкес. Тұтас соғым алуға кез келген адамның қалтасы көтермейтінін мойындау керек. Бұрын соғымды ауылдағы ағайыннан бөлісіп алатынбыз. Қазір мұндай мүмкіндік азайды, – деді ол. Әлия Бекжанова да базарда баға тым қымбат екенін, бірақ амал жоқ дайын етті сатып алуға тура келетінін айтады.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ