Облысымызда былтыр іске қосылған кәсіпорын жоғары протеинді жемдік қоспа өндіріп жатыр. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы таратқан мәліметке сүйенсек, «СК Протеин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті және «Ғылым қоры» акционерлік қоғамының ортақ жобасы болып табылады. Ынтымақтастық аясында компания жоғары протеинді жемдік қоспа өндірісін жолға қою үшін 350 млн. теңге көлемінде грант алған.
Бұл жоба бойынша кәсіпорын жылына 5,4 мың тонна ірі қара малдың және жылқының терісін қайта өңдеп, 2,4 мың тоннаға дейін дайын өнім шығара алады. Өткен жылдың 11 айында 675 тонна тері өңделіп, 300 тонна протеин өндірілген.
«ProtSAN» деп аталған жергілікті өнім ақуызға бай. Мал терісінен жасалған жемдік қоспа ұнтақ және түйіршік түрінде шығарылады. Протеинді ауыл шаруашылығы жануарларының, құстың, балықтың рационына қосуға болады. Өнім «Алматы технологиялық университеті» акционерлік қоғамында зерттеліп, оның құрамында ГМО жоқ екендігін анықталған. Бүгіндері серіктестіктің өніміне тапсырыс берушілер қатары қалыңдап келеді.