Облыс орталығының Ущев көшесіндегі бөгет қайта қалпына келтіріліп жатыр. Бүгінде мұндағы жұмыс қарқыны күшейген. Аталған бөгет 1960 жылы пайдалануға берілген. Бұл маңызды нысан шаһарды су тасқынынан қорғауда елеулі рөл атқарады.
Өңір су тасқынын болдырмауға ертерек қамданды. Себебі 2024 жылдың көктемінде тіркелген рекордтық су тасқыны Солтүстік Қазақстан облысына үлкен зиян келтіріп, мыңдаған тұрғын үй, бау-бақша учаскелері мен инфрақұрылым нысандарын су басты. Қазір Ущев көшесіндегі бөгет қайта қалпына келтіріліп жатыр. Алдын алу жұмыстарымен Мәжіліс депутаттары Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода танысты.
Былтырғы тасқын судың деңгейі ескеріліп, бөгеттің биіктігі 4,5 метрден 7 метрге дейін, ені 3 метрден 6 метрге дейін ұлғайтылды. Ал ұзындығы 300 метрге дейін созылды. Қазіргі уақытта нысанға 205 мың тонна инертті материал жеткізілді. Бүгінде бөгетті бетон плиталарымен нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Бұл шаралардың барлығы өткен жылғы жағдайдың қайталануын болдырмау мақсатында қолға алынды. Былтыр тасқыннан көптеген адам зардап шекті. Қаншама үйге зақым келді. Биыл бұған жол бермейміз. Бұл нысан шаһарды су тасқынынан қорғауда маңызды рөл атқарады. Қайта қалпына келтіру жұмыстарының жоғары деңгейде жүргізіліп жатқанына куә болдық», — деп атап өтті Еркебұлан Мәмбетов.
Жобаның жалпы құны — 851 млн. теңге. Құрылысқа сапалы материалдар мен заманауи технологиялар қолданылуда. Бұл бөгеттің ұзақ қызмет көрсетуін қамтамасыз етеді. Депутаттар жергілікті билік пен мердігер үшін ең бастысы — жұмыстардың сапалы әрі уақытында аяқталуы екенін атап өтті.
Барлық шаруаны «BUILDING STROY-2020» серіктестігі жүргізуде.
«Біз бөгеттің Есіл өзені жақ бетіне 1086 плита төсейміз. Бөгет берік болуы керек, одан қалды белгілі бір қиғаштықпен салынуы және нығайтылуы қажет. Сонда ғана суға, мұзға шыдас береді. Біз мұның барлығын алдын ала ойластырдық. Бөгеттің биіктігі былтырғыдан әжептәуір жоғары. Біздің міндетімізге қорғаныс үйіндісінің бойын абаттандыру да кіреді, қоқыс та шығарамыз. Оған негізгі жұмысты аяқтағасын кірісеміз,-дейді «BUILDING STROY-2020» серіктестігінің директоры Мұхит Кенжекеев.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».