Еліміздің он бір өңірінде жеке тұлғалар үшін ауыз суды тарифтеу қағидаттары қайта қаралды, атап айтқанда, «тұтынудың әлеуметтік нормалары» енгізілді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің баспасө қызметі хабарлады.Жаңа тарифтеу алгоритмі «неғұрлым көп тұтынсаңыз, соғұрлым көп төлейсіз» принципін қарастырады, яғни суды үнемді пайдаланбайтын тұтынушылар үшін тарифтер жоғарылайды.
Сараланған тариф елде суды үнемдеу және ұтымды тұтыну мәдениетін енгізуге ықпал етеді. Қазақстанның алты өңірінде алынған нәтижелер осы тәсілдің тиімділігін растайды. Өткен жылдың 1 желтоқсанынан бастап Жамбыл облысында «әлеуметтік тұтыну нормалары» енгізілді. Жаңа жылда бұл шараны Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында енгізу бойынша жұмысты жалғастыру жоспарлануда.
Экономикалық емес тұтынушылар үшін тарифтерді ұлғайтудан түсетін қосымша қаражат сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымын жаңғыртуға және реконструкциялауға бағытталатын болады, бұл көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға және олардың тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді. Естеріңізге сала кетейік, суды тұтыну нормасы 3 текше метрден асқан кезде нормативтен тыс тұтыну үшін төлем 20 пайызға, 5 текше метрден асқан кезде тариф 50 пайызға, ал 10 текше метрден асқан немесе есептеу аспаптары болмаған кезде су үшін төлем екі есе артады.