Петропавлға «Севказэнерго» АҚ және басқа да коммуналдық қызметтердің жобаларын толықтай қамтитын бас жоспар керек. Облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиевпен кездесу барысында жергілікті құрылысшылар осындай өтініш білдірді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Основание» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сергей Тимофеевтің айтуынша, соңғы жылдары мердігер мен тапсырыс берушінің арасында тікелей байланыс жоқ. Сол себепті, құрылыс саласында күрмеулі мәселелер көбейген. Әрі қазір Петропавлда құрылыс қарқыны жоғары болғандығын ескере келе құрылыс компаниялары болашақта қалай әрекет етулерін білу үшін шұғыл түрде Петропавлдың бас жоспарын қабылдау қажет.
Сергей Тимофеев бүгінде көптеген құрылысшылардың бірнеше жылдан кейін энергетиктердің қажетті техникалық жағдайларды жасай алмауы мүмкін екенін айтады. Өйткені Петропавл 2 жылу электр орталығындағы құрылғының әбден тозығы жеткен. Қондырғыны жыл сайын жөндеу пайда әкелмейді. Одан гөрі толықтай жаңарту керек,-дейді ол.
Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев жылу электр орталығынын жаңарту жұмыстары қызу талқыланып жатқанын айтты. Алайда, бұл іс көп уақыт пен қыруар қаражатты қажет етеді. Мәселен, бір ғана қазандықтың бағасы 10 миллиард теңгеден асып жығылады.
— Жоспар тексерістің барлық кезеңдерінен өтті. Ендігі кезекте кәсіпкерлік палатасында ұйым басшыларымен келісккеннен кейін Үкіметтің бекітуіне жібереміз, деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қайролла Ғалеев.
Сонымен қатар, құрылысшылар құрылыс материалдары бағасының неліктен күрт шарықтап кеткеніне де алаңдаушылық білдірді. Бұл ретте жергілікті кәсіпкерлер қанатқақты жоба аясында бағаны тоқсан сайын индекстеуді ұсынды.