Қызылжар өңірінде тұрақтандыру қорын азық-түлікпен қамтуға биыл 2,5 млрд. теңге бөлінді. «Солтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрақтандыру қорына әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарының 14-і сатып алынады, оның ішінде картоп та бар.
— Биыл тұрақтандыру қорына азық-түлік сатып алуға облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Көкөніс қоймасында 1,2 мың тонна картоп жатыр. Бір килограмы – 97 теңге. Өнім жергілікті тауар өндірушілерден қарыз, форвардтық сатып алу және жеткізу шарттары арқылы сатып алынады. Көкөніс «Солтүстік» ӘКК» АҚ, тауар өндірушілердің және «Радуга» ЖШС қоймаларында сақталған, — дейді «Солтүстік» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ғамали Жұмашов.
Арзан өнім тұрақтандыру қорының сауда орындарына күн сайын, супермаркеттерге – аптасына үш рет, ал аптасына екі рет – үй астындағы дүкендерге жеткізіледі. Тұрақтандыру қорымен ауылдық дүкендер де жұмыс істей алады. Ол үшін өтінімді аудандардағы кәсіпкерлік бөлімдеріне де беруге болады.
Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері елдегі картоп нарығындағы қалыптасқан ахуалға тұрақты түрде бақылау жүргізіп жатыр.
QYZYLJAR NEWS