Солтүстік Қазақстан облысында білім беру туризмі дамып жатыр. Қазір жергілікті университетте шеттен келген бір мыңға жуық жас оқиды.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті 2022 жылдан бері АҚШ-тың Аризона университетімен қос дипломды бағдарламалар бойынша білім беріп келеді. Түлектер оқу бітіргесін «Kozybayev University и The University of Arizona» дипломдарын қолға алады. Шетелдіктер «Kozybayev University»-ге қос дипломды бағдарламаларға ақылы негізде оқу үшін түсуге құқылы. Бүгінгі таңда университетте 16 елден 169 шетелдік студент оқиды және бұл көрсеткіш үнемі өсіп келеді. Ал жалпы Қазақстанның басқа өңірлері мен шетелден келіп оқып жатқан студенттердің саны мыңнан асады.
— Университет Орталық Азия мен Ресей елдерінде халықаралық білім беру көрмелерін, онлайн-презентациялар және студенттермен кездесулер өткізеді. Талантты талапкерлерді тарту үшін осы өңірлердің білім беру ұйымдарымен өкілдіктер мен серіктестіктер желісі дамып келеді. Осылайша, «Kozybayev University» Орталық Азияның халықаралық білім беру хабына айналмақ, — дейді «Kozybayev University» басқарма төрағасы-ректор Ербол Исақаев.
Қазақстандық студенттер қос дипломдық бағдарлама бойынша тегін білім ала алады. Грант бойынша білім беру үш бағытта: ІТ, биотехнология, инклюзивті білім беру бойынша жүргізіледі. Ал жалпы халықаралық бағдарламалар 11 бағыт — биотехнология, IT, химиялық сараптама, электроника және телекоммуникация, астрономия, бизнес и менеджмент бойынша оқытылады.
— Студенттерге дәрісті қазақстандық және Америка, Түркия, Италия, Польшадан келген жетекші профессорлар оқиды. Биыл 40 студент Тусон қаласындағы Аризона университетінің негізгі кампусына оқуға барады. Келесі жылы 125 студентті жібереміз. Барлық шығынды университет көтереді. Егер студент өз қаражатына барса 40 мың АҚШ долларын төлер еді, — дейді Ербол Исақаев.
Ректордың айтуынша, стратегиялық әріптестік аясында ғылыми жұмыстар да қолға алынған. Мәселен, 2024 жылдың сәуір айында «Kozybayev University» Аризона университетімен және Қытай Халық Республикасының солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетімен бірлесіп су ресурстары ғылыми орталығын құру туралы консорциумға қол қойды. Орталық базасында өңірдің ирригация, азық-түлік қауіпсіздігі, жердің тозуы, су ресурстарын толықтыру және басқару саласындағы проблемаларын шешуге бағытталған зерттеулер жүргізілмек.
Мұндай шетелдік әріптестермен бірлескен зерттеулер Солтүстік Қазақстан облысының дамуына серпін береді.
— Университет ғылыми зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландыруға және оларды кәсіпорындарға енгізуге бағытталған үш жобаны табысты іске асырып жатыр, олар университет бюджетіне 10% астам роялти әкеледі. Атап айтқанда, «Су ғылыми-технологиялық орталығы» ЖШС — хлорелла микробалдырларын қолдана отырып су объектілерін тазарту. Технология еліміздің 3 қалалық су мекемесінде – Петропавл, Қостанай және Шымкентте қолданылып жатыр. «СК Протеин» ЖШС – ірі қара мал мен жылқы терілерінен жемдік қоспа — протеин өндіру технологиясы. Инвестиция — 850 млн. теңге. Кәсіпорында 50 жұмыс орны құрылды. Зауытта 11 тоннаға жуық теріні кәдеге жаратылады. Оның ішінде бес мың тоннаға жуық ақуыз өндірілетін болады. Ал үшіншісі «Agrosoil Company» ЖШС — топырақты жоғары сапалы талдауға маманданған компания, — дейді университет ректоры.
QYZYLJAR NEWS