БЕС АДАМДЫ ЖАЛМАҒАН ӨРТ

Авторы: Qyzyljar News

Шал ақын ауданы Ступинка елді мекенінде жеке тұрғын үйден өрт шықты. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 23 қаңтарда түнде 112 пультіне жеке тұрғын үйдің өрттенгені туралы хабар түскен. Өрт сөндірушілер жеткенде үй қызыл жалынға оранған. Салдарынан ғимараттың шатыры опырылып түсті. Оқиға орнынан екі ересектің және үш баланың денесі табылды. 104 шаршы метр аумақты шарпыған өрт көп ұзамай сөндірілді. Қазір мамандар өрттің неден шыққанын анықтап, тиісті зерттеу жүргізіп жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жомарт Асқаров та оқиға орнына барды, ведомствоның психологтары өртте қайтыс болғандардың туыстарына көмек көрсетті.
Өрт шыққан үйде ер адам төрт баласымен тұрған. Әйелі бірнеше жыл бұрын қайтыс болған екен. Шал ақын ауданы әкімдігінің мәліметінше, үй иесі 1984 жылы туған ер адам, жергілікті шаруашылықтардың бірінде жұмыс істеген. Тұңғышы 18 жастағы қыз мектепте вахтер болған. Одан бөлек үйде 6,5 және 2 сыныптарда оқитын ұл-қыздары тұрған. Ал 16 жастағы ұлы Петропавлда оқуда болған. Отбасы тұрмысы нашар ретінде де, басқа да ешқандай тіркеуге алынбаған.
Оқиға болған жерге облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың тапсырмасы бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов барды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
–Облыс әкімдігі жерлеу рәсімін ұйымдастыру мен өткізуге қажетті барлық көмекті көрсетеді. Кәмелетке толмаған студентке колледж жатақханасында тегін тұру мүмкіндігі беріледі. Оған қажетті барлық психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ, материалдық көмек көрсету және оқу ақысын төлеу мәселесі шешіледі. Алдағы уақытта тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылады. Жақын туыстарына қамқоршылық ресімдеу мәселесі ерекше бақылауда болады, –делінген хабарламада.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

 

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz